Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Донор мен реципиенттің сәйкестігін бағалайтын AI қалай жұмыс істейді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық CortexAI стартапы трансплантология саласына арналған жасанды интеллект жүйесін әзірлеп жатыр. 

Донор мен реципиенттің сәйкестігін бағалайтын AI қалай жұмыс істейді
Фото: Pexels

Жүйе донор мен реципиенттің иммунологиялық және генетикалық көрсеткіштерін салыстырып, ағзаның сәйкестік ықтималдығын бірнеше секунд ішінде анықтай алады. Әзірлеуші ЖИ мүмкіндігін Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында түсіндіріп берді. 

CortexAI компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Асылжан Абдуллаевтың айтуынша, стартап бастапқыда онкология бағытына арналған жоба ретінде қолға алынған. Кейін халықаралық іс-шаралардың бірінде қатысушылармен пікір алмасқаннан кейін команда трансплантология саласына көшкен.

Донор мен реципиенттің сәйкестігін бағалайтын AI қалай жұмыс істейді
Фото: видеодан алынған скрин

Оның айтуынша, жүйе дәрігерлерге донор мен реципиенттің деректерін бір платформада салыстыруға мүмкіндік береді. Әкімшілік панельге екі тараптың медициналық ақпараты енгізіліп, 33 иммунологиялық және генетикалық фактор машиналық оқыту алгоритмдері арқылы бұрынғы клиникалық жағдайлармен салыстырылады. Соның нәтижесінде жүйе ағзаның сәйкестік ықтималдығын есептейді.

Донор мен реципиенттің сәйкестігін бағалайтын AI қалай жұмыс істейді
Фото: видеодан алынған скрин

Әзірлеушілердің мәліметінше, толық талдау шамамен 33 секундта дайын болады. Бұл әсіресе шұғыл трансплантация кезінде маңызды болуы мүмкін. Мәселен жол-көлік оқиғасынан кейін кейбір ағзаларды трансплантациялауға жарамды уақыт бірнеше сағатпен ғана шектеледі. 

Жоба авторларының айтуынша, бүгінде донор мен реципиенттің сәйкестігін қолмен есептеу және түрлі көрсеткіштерді салыстыру кей жағдайда 12-24 сағатқа дейін созылуы мүмкін. Ал жаңа жүйе осы жұмысты автоматтандыруды көздейді.

Асылжан Абдуллаев
Фото: видеодан алынған скрин

— Әзірге машиналық оқыту моделінің дәлдігі 86 пайыз. Біз бұл көрсеткішті клиникалық қолдануға қажетті 90 пайыздан жоғары деңгейге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Осы мақсатта жобаға инвестиция тартылып, клиникалық сынақтар мен пилоттық жобаларды кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр, — дейді ол.

Қазіргі уақытта жүйе елордадағы бірнеше клиникада сынақтан өтіп жатыр. Асылжан Абдуллаевтың айтуынша, дәрігерлер жүйенің трансплантация кезіндегі шешім қабылдау уақытын үнемдеп, донорлық ағзаны тиімді пайдалануға ықпал етуі мүмкін екенін атап өткен.

Сонымен қатар соңғы шешімді медициналық мамандар қабылдайтыны және AI жүйесі тек қосымша құрал ретінде қолданылатынын да ерекше атап өтті. 

Айта кетейік, бұған дейін, кім қан доноры бола алмайтыны жайлы жазған едік