«Допинг дүрбелеңі қандай ұйғарымға тоқтайды» - баспасөзге шолу

***
«Марокко шегірткесінің жанында Крыловтың шырылдауық шегірткесі нағыз айналайынның өзі екен. Көгалды қуып гөлайттап шыбық басын сындырмайтын, қыс келетінін білмей бүрсеңдеп шаруақор құмырсқаның есігін қағатын шырылдауық шегіртке жатыпішер жалқау болып мысалға іліксе, марокко тұқымдас шегірткелер топтасып ұшып жайылымға қонғанда, бір сабақ қалдырмастан жеп кетеді. Биыл Шардара, Арыс және Ордабасы аудандарының бірталай диқандарының бақшалығына түсіп, шаруаларды ойбайлатып кетті»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Басшылардың салғырттығынан шаруалар шығынға ұрынды» деген мақаласында.
Шарасы таусылған шаруалар бақшалықты басып қалған шегірткелерді үркітіп қуу үшін балаларымен желпуіш алып, жұмылып қаз-қатар жүйек-жүйекке түссе, енді бірі түтіндетіп от жағуда. Пісіп үлгермеген қауын-қарбызды пәлегінен үзіп, жапырағын жеп қойған жалмауыздар ештеңеден тайынбайды. Миллиондаған шығын шеккен шаруалар егіс алқаптарын тастап кетуге шақ жүр. Осыған байланысты облыс әкімдігінде тиісті мамандардың қатысуымен түрлі жиындар өтті.
Анықталғандай, Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» ОҚО филиалының марокко шегірткесінің ошағын анықтаудағы салғырттығы болса, екіншіден, министрлік мемлекеттік сатып алуды кеш өткізгендіктен шегірткелер бел алып кеткен.
Бас басылымда «Допинг дүрбелеңі қандай ұйғарымға тоқтайды» атты мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Өткен жылдың күзінде басталған допинг дүрбелеңі қазір бұрын-соңды болмаған дəрежеде шарықтау шегіне жетті. Бүгін, 21 маусым күні Лозаннада өтетін Халықаралық олимпиялық комитеттің (ХОК) отырысында бүкіл Ресей құрамасын алдағы тамыз айында Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиялық ойындарға жіберу-жібермеу мəселесі түбегейлі шешіледі.
Халықаралық олимпиялық комитеттің (ХОК) президенті Томас Бах сейсенбі күні өтетін отырыста негізінен таза спортшыларды Риоға жіберу мəселесінің талқыланатынын алға тартты. Ол сондай-ақ, Халықаралық жеңіл атлетика ассоциациясы федерациясының (IAAF) ресейліктерге қатысты шешіміне бұл отырыстың ықпалы болмайтынын да ашып айтты.
«Енді допинг дауына ұшырап қалған Қазақстан ауыр атлеттерінің жайына келсек, ол ХОК-тің 27 маусым күні мəселе қозғайтын тəртіптік кеңесінде шешіледі. Мəдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мəлімдегендей, Илья Ильиннің, Зүлфия Чиншанлоның, Майя Манеза мен Светлана Подобедованың Риоға бару жөніндегі үміттері əлі үзіле қойған жоқ. Спортшылар қазіргі күндері тынымсыз жаттығу үстінде», - деп жазады басылым. Осы жайында толық білгіңіз келсе, мақаланы оқып шығыңыз.
***
«Айқын» газетінде «Қазынаның қаржысы қадағаланғаны дұрыс» деген мақала берілген. Біз жыл сайын шағын және ортаға кәсіпкерлікке, сонымен қатар индустриялық аймаққа орасан зор қаржы бөліп жатамыз. Ал оның тиісті мақсатқа игерілуін қаншалықты бақылап отырмыз? 2015 жылы республикалық бюджеттен бөлінген қаржының атқарылуы қалай? Бұл мәселеге қатысты Үкіметтің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің отырысында Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясының мүшесі, депутат Нұртай Сабилянов сөз сөйлеп, бірқатар мәселелерді көтерді.
Осы басылымда «Қылмыскерлер қайда жүрсе де жазасын алады» деген мақала жарияланды. Қазіргі кезде Қазақстанда қылмыс жасап шетелге қашып кеткен адамдарды қайтару бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. бұл бағыттағы қылмыспен күрестегі халықаралық ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі - қылмыс жасауға күдікті немесе айыпты, сондай-ақ өзге елде жасырынып жүрген және сот төрелігінен қашып құтылуға тырысатын адамдарды экстрадициялау болып табылады.
«Өткен 5 жылда іздеуде жүрген 349 адам Қазақстанға жеткізіліпті, ал қазір 100-ден астам сұрау шетелдің құзырлы органдарының қарауында жатыр», - деп жазады автор.
***
«Кейінгі жылдары Қазақстандағы үлкен сауда орындарында сатыла бастаған түйеқұс етін жерлестеріміз өндіріп отырғанын естідік. «Көп естігеннен бір көрген артық» дегендей, Еңбекшіқазақ ауданына барған сапарымызда Әймен ауылындағы түйеқұс өсірумен айналысатын «Фауна» атты фермалық шаруашылықта болдық. Басында Бекетбай Дәуренқұлов ағамыз басқаратын шаруашылықтағы бойы 3 метрге жуық түйеқұстарды кезіктіргенде сәл тіксініп қалғанымыз анық. Өйткені Африка мен Австралия құрлығында өсетін бұл құс жайлы білетініміз тым аз еді. Әңгіме барысында түйеқұстарды шаруашылық мақсатында пайдалану үшін осыдан 15 жыл бұрын Қазақстанға алып келген аталған ұжым қызметкерлерінен оларды Жетісу төрінде жерсіндірудің оңайға түспегеніне қаныға түстік», - деп жазады «Ана тілі» газеті соңғы санындағы «Әймен ауылындағы түйеқұс» атты мақаласында.
Алғаш бетпе-бет келгенде сұсты болып көрінетін бұл құстың пайдасы шаш етектен көрінеді. Бойы 2-3 метр келетін түйеқұс аталығы 100-150 келі ет береді екен. Қауырсыны баскиім, сахналық костюмдер тігуге пайдаланылса, жұмыртқасы мен еті жесең ем, әсіресе, қан қысымы жоғары және қант диабетімен ауыратындарға мың да бір дауа. Сондықтан түйеқұсқа қызығушылық уақыт өткен сайын артуда.