Допты хоккей: «Ақжайық» финалдық ойындарға қатысу үшін Кемерово қаласына жол тартты
ОРАЛ. KAZINFORM — «Ақжайық» клубы допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыстың финалдық ойындарына қатысу үшін Ресейдің Кемерово қаласына аттанды.

«Ақжайықтың» бас бапкері Николай Шавалдиннің мәлім еткеніндей, оралдықтар 24 наурызда басталатын финалдық кезеңде А тобында сынға түседі.
Батысқазақстандықтар «Кузбасс» мұз сарайында бастапқыда «Маяк» (Краснотурьинск) командасымен ойнайды. «Ақжайық» екінші топта 75 ұпаймен бірінші орын алса, «Маяк» (58 ұпай) үздік үштікті түйіндеген еді.
«Ақжайық» 25 наурызда «Сибсельмаш-2» (Новосібір), одан кейін «Динамо-2» (Мәскеу) командасымен айдынға шығады. Ал 27 наурыз күні «Строитель» (Сыктывкар) клубымен қай мықтыны анықтайды.
Финалдық кезең 30 наурыз күні мәресіне жетіп, жүлделі орын алғандар анықталады. Алғашқы екі командаға супер лигаға жолдама беріледі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын допты хоккейден бүкілресейлік жарыстың финалдық кезеңі Кемерово қаласында өтетінін жазған болатынбыз.