Допты хоккейден «Ақжайық» ресейлік клубты екінші рет ұтты

ОРАЛ. KAZINFORM — Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» «Жастар» стадионында «Никельщик» (Верхний Уфалей) клубымен екінші кездесуін өткізді.

Ақжайық
Фото: instagram.com/sc_akzhayik_07

Кеше бірінші ойында оралдықтар 12:4 есебімен басым түскен еді.

Бұл жолы матч әлдеқайда тартысты өрбіді. Дегенмен Николай Шавалдиннің шәкірттері өз мүмкіндіктерін мүлт жіберген жоқ. Қорытынды есеп — 8:6.

«Ақжайық» сапында команда капитаны Максим Өтебалиев пен ресейлік Максим Пахомов үш-үштен гол соқса, Рауан Исалиев пен Дәурен Оралов та құр кеткен жоқ.

Осы жеңістен кейін батысқазақстандықтар 15 ұпаймен екінші топта үшінші орынға көтерілді.

«Ақжайық» келесі бәсекелерін 24-25 желтоқсанда өз айдынында «Академия «Уральский трубник» (Первоуральск) командасымен өткізеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын допты хоккейден «Ақжайықтың» ірі есеппен жеңіске жеткенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар