Допты хоккейден «Ақжайық» ресейлік команданы тағы да ірі есеппен жеңді

ОРАЛ. KAZINFORM – Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» Воткинскіде жергілікті «Знамя-Удмуртиямен» екінші кездесуін өткізді.

Ақжайық хоккей командасы
Фото: instagram.com/sc_akzhayik_07

Бірінші ойында оралдықтар қарсыласын 4:0 есебімен тізе бүктірген еді.

Бұл жолы бастапқы таймда «Ақжайықтың» сұрмергені, ресейлік Максим Пахомов есеп ашты. Тайм соңына таман Рауан Исалиев 2:0-ге жеткізді.

Екінші кезеңде Р.Исалиев тағы бір голдың авторы атанды. Команда капитаны Максим Өтебалиевтің пасын пайдаланған М.Пахомов қарап қалған жоқ. 86-минутта М.Пахомовтың пасынан кейін Иван Захаров матчтың нүктесін қойды – 5:0.

Осылайша, екі ойында «Знамя-Удмуртия» қақпасына жауапсыз 9 гол соққан Николай Шавалдиннің шәкірттері келесі кездесулерін 16-17 желтоқсанда Краснотурьинскіде «Маяк» клубымен өткізеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын допты хоккейден «Ақжайықтың» жаңа маусымды жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар