Допты хоккей: «Ақжайық» қазандық команданы тағы да ірі есеппен ұтты

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» «Динамо-Қазан-2» клубын тағы да ірі есеппен ұтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Допты хоккей: «Ақжайық» қазандық команданы тағы да ірі есеппен ұтты

«Жастар» стадионында оралдықтар қарсыласын бірден тықсырып тастады.

Николай Шавалдиннің шәкірттері бірінші таймда-ақ есепті 6:0-ге жеткізіп, бәсеке тағдырын шешті деуге болады. Команданың сұрмергені, ресейлік легионер Максим Пахомов хет-трик жасаса, көрші елдің тағы бір өкілі Сергей Башаев қос голдың авторы атанды. Оралдық допты хоккей түлегі Петр Грибанов та өз есебіне бір голды жазды.

Ойынның екінші кезеңінде қонақтар қарымта қайтаруға тырысып бақты. Қазандықтардан Владислав Веселов екі доп соқса, оралдықтардан Ершат Амангелдиев пен Самат Аманшин жауап қайырды.

Осылайша «Ақжайық» 8:2 есебімен жеңіске жетті.

Оралдықтар 28-29 желтоқсанда екінші топта 27 ұпай жинап, «Маякпен» (Краснотурьинск) бірге көш бастап келе жатқан «Знамя-Удмуртияны» (Воткинск) қабылдайды. Батысқазақстандық команда 10 ұпаймен алтыншы орында тұр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» Қазаннан келген қарсыласын ойсырата ұтқанын жазған болатынбыз.