Допты хоккей: «Ақжайықтың» өз ұпай қорын толықтыруына толық мүмкіндігі бар
ОРАЛ. 19 қаңтар. ҚазАқпарат - 19-20 қаңтар күндері допты хоккейден Ресей чемпионаты жоғары лигасының екінші тобында өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» өз айдынында Верхний Уфалейдің «Никельщик» командасын қабылдайды.
Бұл ойындарда «Ақжайықтың» өз ұпай қорын толықтыруына толық мүмкіндігі бар. Өйткені «Никельщик» - алты ұпаймен осы топтың ең соңында тұрған команда.
Оралдықтар 23 ұпаймен үшінші орында тұр. Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Александр Ионкин бастаған мамандар жаттықтыратын «Ақжайықтың» биылғы көздегені де - өз тобында үшінші орын алып, финалдық ойындарға жолдама алу.