Допты хоккей: Қазақстан құрамасы жартылай финалда ресейліктермен кездеседі

Ресей допты хоккей федерациясы сайтынан алынған мәліметке қарағанда, жартылай финалда Швеция құрамасы финдермен айдынға шықса, қазақстандықтар әлем чемпиондары - ресейліктермен шеберлік байқасады. Мұнда жеңген командалар финалда алтын жүлдені сарапқа салса, ұтылғандары қола жүлде үшін күш сынасады.
Осыған дейін Алексей Никишов жаттықтыратын Қазақстан құрамасы бірінші ойында 1:10 есебімен ресейліктерге есе жіберсе, содан кейін 4:9 есебімен шведтерден ұтылды. 31 наурызда финдермен 3:3 есебімен тең ойнады. Ал 1 сәуір күні ширек финалда Беларусь елінің құрамасын 26:8 есебімен тізе бүктірді.
Айта кетейік, Қазақстан ұлттық құрамасы сапында Орал допты хоккейінің түлектері де ойнауда. Команда капитаны, шабуылшы Рауан Исалиев осыған дейінгі матчтарда қарсыластар қақпасына бес гол енгізсе, Леонид Бедарев үш доптың авторы атанды. Сондай-ақ Ескендір Нұғманов Беларусь құрамасымен ойында өз есебіне үш голды жазды.