Допты хоккейден Қазақстан құрамасы қола жүлде үшін күш сынасады

ОРАЛ. 30 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Допты хоккейден Қазанда өтіп жатқан әлем чемпионатында бүгін соңғы бәсекелер біріншілік жүлдегерлерін анықтамақ.

Допты хоккейден Қазақстан құрамасы қола жүлде үшін күш сынасады

Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Алексей Никишов бастаған мамандар баптайтын ел құрамасы қола жүлде үшін әлемнің әлденеше мәрте чемпионы Швеция командасымен айдынға шығады. Кеше Финляндия құрамасымен жартылай финалдағы ойында қазақстандықтар бар шеберліктерін салып бақты. Негізгі ойын уақыты 4:4 есебімен тең аяқталып, қосымша белгіленген мерзімде финдер 5:4 есебімен жеңіске жетті. Айдын иелері - Ресей құрамасы өзінің басты қарсыласы Швецияны 3:2 есебімен тізе бүктіріп, финалға жолдама алды.

Осы чемпионат кезінде 2012 жылғы әлем біріншілігі Алматы қаласында өтетіні белгілі болды. Бұл да жетінші қысқы Азия ойындарының шапағаты деп түсіну керек. Себебі осы басты спорт мерекесіне орай «Медеу» мұз айдыны қайта жаңғыртылған болатын. Алдағы аптада Азиада аясында алғаш рет допты хоккейден жарыс өткізілмекші. Ал келесі жылы «Медеу» мұз айдыны әлемнің маңдайалды бенди шеберлерін қабылдайды. Сонымен бірге әлем біріншілігі ережесіне өзгеріс енгізілді. Бұдан былай күштілердің «А» тобында соңғы орында қалған команданы «В» тобында жеңімпаз атанған құрама бірден алмастырады. Яғни осыған дейін болып келгеніндей, олардың арасында қосымша матч өткізілмейді.