ДОСОВ ӘБІЛҚАЙЫР ЫСҚАҚҰЛЫ

Досов Әбілқайыр Ысқақұлы (1899-1938) - мемлекет және қоғам қайраткері. Көкшетау уезі Қотыркөл болысында (қазіргі Ақмола облысы) туған.
None
None

1916 жылы Омбы орыс-қырғыз (қазақ) жетім балалар пансионына орналасып, қазақ оқушы жастарының «Бірлік» мәдени-ағарту үйірмесіне мүше болған. 1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін Омбы қырғыз (қазақ) кеңесі және облыстық революциялық трибунал мүшелігіне сайланды. Кейіннен төтенше комиссияның ерекше отрядын басқарған. Көкшетау облыстық төтенше комиссиясының инспекторы, Ресей Коммунистік (большевиктер) партиясы Орталық Комитетінің Сібір бюросы жанындағы татар, қырғыз (қазақ) секциясының хатшысы, «Кедей сөзі» газетінің редакторы қызметтерін атқарған. 1920 жылы қазан айында өткен Қазақ кеңестерінің 1-құрылтай съезінде Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің төралқа мүшесі және хатшысы болып сайланған. 1922-1926 жылдары Семей губерниялық атқару комитетінің, Түркістан облыстық революциялық комитетінің, Орал облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. 1926-1927 жылдары Қазақстанның Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті жанындағы өкілі болды. 1927-1930 жылдары Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті төралқасының мүшесі, 1930-1937 жылдары Бүкілодақтық Коммунистер (большевиктер) партиясы Орталық Комитетінің нұсқаушысы, Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1936 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің хатшысы, 1937 жылдан Шымкент қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарған. 1933-1937 жылдары Бүкілодақтық Коммунистер (большевиктер) партиясы Қазақстан өлкелік комитетінің, Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің, Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті және Қазақ Орталық Атқару Комитетінің мүшесі болып сайланған.
Бүкілодақтық Коммунистер (большевиктер) партиясы 17-съезінің делегаты болды.

Досов Әбілқайыр 1937 жылы 28 қарашада жалған саяси айыппен тұтқындалып, 1938 жылы 8 наурызда КСРО Жоғарғы Соты Әскери коллегиясының үкімімен ату жазасына кесілген. 1956 жылы 12 қазанда ақталған.

Дерек көзі:

Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 3 том.

Соңғы жаңалықтар