Достастық кубогының ақтық финалында "Ақтөбе" қатарынан екінші рет күміс жүлдегер атанды

АЛМАТЫ. Қаңтардың 25-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Кеше Мәскеудің «Олимпийский» спорт кешенінде өткен ТМД және Балтық елдері чемпиондарының Достастық кубогының ақтық финалында "Ақтөбе" футбол клубы қатарынан екінші рет күміс жүлдегер атанды,

Достастық кубогының ақтық финалында "Ақтөбе"  қатарынан екінші рет күміс жүлдегер атанды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Владимир Мұханов жаттықтыратын ақтөбелік аяқдопшылар бұл жолы Қазан қаласының "Рубин" командасына (2:5) есе жіберді. Оған дейін олар жартылай финалда Литваның "Экранес" (3:0), ширек финалда Белорустың "Днепр" (3:1), ал топтық кездесуде Әзірбайжанның "Бакы" (2:0), Тәжікстанның "Вахш" (2:0) командаларын ұтып, тек Финляндияның "ХИК" командасына 0:1 есебімен ұтылған еді.

Биыл 18-ші рет ұйымдастырылған бұл турнирде Владимир Мұхановтың шәкірттері өткен жылғы жетістігін қайталады. Олар былтыр топтық кезеңде Ресейдің «Рубин». Өзбекстанның "Пахтакор" және Арменияның "Арарат" футболшыларымен кездесіп "А" тобында үздік шықты. Одан кейін ширек финалда Беларустың «МТЗ-РИПО» (4:1), жартылай финалда Әзірбайжанның «Интер» (1:0) командасын ұтып, ақтық сында Молдованың "Шериф" командасына 4:5 есебімен ұтылды. Бұл ойында негізгі және қосымша уақытта командалдар тең түскендіктен жеңімпазды пенальти арқылы анықтау кезінде молдовалықтар 5:4 есебімен басым түскен. Осылайша ел тарихында алғаш рет Достастық кубогының күміс жүлдегері атанған ақтөбеліктер, бұған дейін 2006, 2007, 2008 жылдары топтық кезеңде үшінші орынды қанағат тұтып келген еді.

Жалпы қазақстандық аяқдопшылардың бұл турнирде оған дейінгі ең жоғары көрсеткіші ширек финалдық ойындар болатын. Оған 2005 жылы Алматының "Қайрат", 1996 жылы Семейдің "Елім-ай" клубтары қол жеткізді. Ал өзге уақытта топтық кездесуден өте алмады. Атап айтқанда "Қайрат" 1993 жылы, "Аңсат" (Павлодар) 1994 жылы, "Тараз" (Тараз) 1997 жылы, "Ертіс" (Павлодар) 1998, 2000, 2003, 2004 жылдары, "Елім-ай" (Семей) 1999 жылы өз тобында үшінші орынды алса, 1995 жыл "Елімай-ай", 2001-2002 жылдары "Жеңіс" (Астана) соңғы орынды қанағат тұтқан болатын.