Достоевский екі жарым жыл тұрған Семейдегі ағаш үйде қазір не бар — фоторепортаж
СЕМЕЙ. KAZINFORM — Әйдік жазушы Федор Достоевский 5 жыл Семейде тұрғанын білесіз бе? Қазір сол үй музейге айналып, қаламгердің өмір жолына, тағылымы терең, ойы ұшқыр шығармаларына қызыққан жандардың жиі баратын жеріне айналған. Таяуда Kazinform тілшісі музейге барып, фоторепортаж жасап қайтты.

Орыс халқының ең атақты жазушыларының бірі Федор Достоевский 1821 жылы Мәскеуде туған. Жастайынан Пушкинді, Гогольді, Шекспир мен Гомерді сүйіп оқыған ол өсе келе өзі де жазушылыққа бет бұрды. Сөйтіп, алғаш рет 1846 жылы «Бедные люди» туындысын жазған. Осыдан кейін-ақ оның атағы аспандап кетеді. Тіпті Некрасовтың тамсанғаны сонша «Жаңа Гоголь келді!» деп жар салады.

Достоевский — тағдыры тауқыметке толы жазушы. Анасынан ерте айырылды. Әкесі де кісі қолынан мерт болды. Бәлкім бұл оның оқырманын ой орманына кіргізіп, кейде мұңға батырар шығармалар жазуына сеп болған шығар?
Михаил Петрашевский құрған ұйымға мүше болғаны үшін Федор 1849 жылы қамауға алынады. Әуелі өлім жазасына кесіліп, кейін жазасы каторгамен ауыстырылды. Сол кезде жаза жеңілдемесе әлем Достоевскийдей таланттан айырылып қалады екен.
Жазушы абақтыдан шыққаннан кейін Ивановтар отбасында Шоқан Уәлихановпен танысқан. Бұл таныстық Федор Достоевский 1854-1859 жылдары Семейде тұрғандағы кездесулерден соң нағыз достыққа айналды. Дәл осы жерден қаламгердің Алаштың рухани астанасындағы өмірі туралы сөз қозғайық.
Бес жылдың 2 жарым жылында ол Крепостная (қазіргі Достоевский) көшесіндегі пошташы Лепухиннің үйінде бөлме жалдап тұрған. Омбыдағы ауыр жұмысқа жегілгеннен кейін Достоевский 7 Сібір желілік батальонына қатардағы жауынгер ретінде қабылданып, кейін прапорщик шенін алды. Ол көбінесе рапорт жазумен айналысқан. Бұл оған офицерлермен, оның ішінде оны жазушы ретінде қолдаған білімді адамдармен араласуға мүмкіндік берді. Қаламгерге пана болған сол екіқабатты ағаш үй қазір музейге айналып отыр.
— Ф. М. Достоевскийдің әдеби-мемориалдық музейі 1971 жылы 7 мамырда құрылды. Музейдің дамуына — жазушының 1857 жылы 27 шілдеде батальон командиріне өгей ұлы Павелді Омбы кадет корпусына оқуға жіберу туралы рапортына қойған қолтаңбасының табылуы серпін берді. Сол уақыттан бастап музей қоры қарқынды түрде толықтырыла бастады. Музейдің халық арасындағы ғылыми-ағартушылық тұрғыдағы рөлі де артты, — дейді музейдің қор сақтаушысы Айсұлу Абдрахманова.



Достоевский сол үйдің екінші қабатында тұрған. Алғашқы жары Мария Исаевамен осы Семейде танысқан. Екеуі үйленген соң Лепухиннің үйінде бірге тұрды.

Үйдің бірінші қабатында қожайын Лепухин отбасымен бірге тұрса, Достоевский әйелімен екінші қабатқа жайғасқан.
Бұл қонақ бөлмесі. Осындағы жиһаздар Достоевский тұрған кезден сақталмаған. XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында шыққан жиһаздар куәгерлердің айтуымен ұқсатып сатып алынып, ішке қойылған.



Достоевскийдің жұмыс кабинеті. Үстелде Мария Исаеваның суреті тұр. Анау тұрған әскери мундир киген жазушының өзі.

Қаламгер Семейде жүргенде «Дядюшкин сон», «Село Степанчиково и его обитатели» атты екі шығармасын дүниеге әкелді.
Жұмыс кабинетінің шетіндегі шкафта XIX ғасырдағы әдебиет қойылған.

Достоевский ұйықтаған бөлме.

Музей ішінде жазушының мүсіні де бар екен.

Әлкей Марғұланның Ф. М. Достоевский атындағы кітапханаға жазған хатының фотокөшірмесі тұр.

Жазушының шебер жазылған шығармаларының театр көрерменіне ұсынылған сәттерін көруге болады.

Достоевскийдің Семейдегі ізі қалған, есте қалар жерлерінің тізімі жасалып қойылыпты.


Жазушының фотосуреттері мен кітаптары да көп мұнда.

— 1972 жылы облыс басшыларының бастамасымен кең әдеби экспозициясы, қор қоймасы, кинозал және ғылыми кітапханасы бар қосымша мемориалдық үй салу ойластырылды. Бұл кеңейту идеясын әртүрлі адамдар мен ұйымдар қолдай кетті. Сөйтіп, семейліктер жазушының басқа музейлеріне ұқсамайтын бірегей музей жасауды ойлады. Бүгінде музейге жылына 17000-нан астам адам келеді. Бір жылда 1500 экскурсия мен түрлі іс-шаралар өткізіледі, — дейді Айсұлу Абдрахманова.
Музей ғимаратының сыртында мәскеулік мүсінші Д. Эльбакидзе жасаған «Ф.Достоевский мен Ш. Уәлиханов» атты ескерткіш тұғырға қонған.

Ф. М. Достоевскийдің әдеби-мемориалдық музейі тарих және мәдениет ескерткіші ретінде мемлекет тарапынан қорғалады.

Семейге жолыңыз түссе музейге соғып, әлемдік деңгейдегі жазушыға құрмет көрсете кетіңіз.

Еске салсақ, осыған дейін Астанада 3000 рубик текшесінен Абайдың алып портреті жасалғаны хабарланған.