«Достық» кеден бекетінде құны 150 570 АҚШ доллары болатын контрабандалық тауар тәркіленді
ТАЛДЫҚОРҒАН. 3 ақпан. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Алматы облысындағы Алакөл ауданының «Достық» стансысында контрабандалық жүгі бар алты вагон құрықталды.
«Достық» кеден бекетінің баспасөз қызметі хабарлағандай, вагондарда жалған құжаттар арқылы жез рудасын алып өтпек болған.
Кедендік тексеру кезінде анықталғаны, вагондар жіберілген жүкте кеден декларациясының анықтамалық нөмірлері жоқ екен.
Сонымен қатар, сарапшылардың қорытындысы бойынша, тексеруге ұсынылған кеден органының мөрлері мен мөртабандары түпнұсқадан көшіріліп, принтер арқылы басып шығарылған болып шықты.
Аталмыш факті бойынша «Достық» кеден бекетінің арнайы қызметтері қылмыстық іс қозғады.
Тауардың құны 150 570 АҚШ долларын құрап отыр.