«Күмәнді терапия өкіндіреді» – ДСМ аутизмді емдеуде нақты медицинаға жүгінуге шақырды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгінгі таңда әлеуметтік желілерде аутизм дертіне қатысты түрлі қауесеттер тарап жүр. Көп жағдайда желі қолданушыларының пікірі «сап-сау туған бала вакцинадан кейін сал болып қалды» дегенге саяды. Өзге де себептерді желеу еткен осындай мәлімдемелерге ДСМ жауап берді.

аутизм
Фото: «Асыл Мирас» Аутизм орталығы

Әлеуметтік желілерде «аутизмді толық емдеу», «жалған аутизм» және басқа да нақты емес теориялар туралы қызу мәлімдемелер көбейіп келеді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды осындай ақпаратқа сын көзбен қарауға және тек дәлелді медицинаға сенуге шақырады.

— Аутизм спектрінің бұзылыстары (АСБ) — бұл халықаралық медициналық қауымдастық растаған нейродамудың ресми танылған ерекшелігі. Аутизм «тәрбиенің дұрыс болмауынан», гаджеттерден немесе вакцинациялаудан туындамайды. Бүгінгі күні аутизмді «тез және толық емдеуге» қабілетті ғылыми дәлелденген әдіс жоқ. Ғажайып терапиялардың, күмәнді дәрі-дәрмектердің және жалған ғылыми әдістердің уәделері отбасыларды адастырып қана қоймай, кәсіби көмек алу үшін аса қымбат уақытты жоғалтуға әкелуі мүмкін, — деп хабарлады ведомстводан.

Бала үшін ең маңыздысы — ерте анықтау, уақтылы түзету, мамандардың сүйемелдеуі және отбасының қатысуы болып табылады. Балалардың денсаулығы хайптың, манипуляцияның және жалған сенсацияның тақырыбы емес.

Еске сала кетейік, бұған дейін де Денсаулық сақтау министрлігі вакцинация мен аутизмнің байланысы бар-жоғын түсіндірген болатын.