Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

ДСМ: Есту аппаратын алу үшін енді мүгедектік мәртебесі талап етілмейді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда есту қабілеті бұзылған азаматтар енді мүгедектік мәртебесіне қарамастан, медициналық көрсетілім бойынша есту аппараттарын ала алады. Денсаулық сақтау министрлігі жаңа тетік арқылы есту оңалту қызметтерін қолжетімді етуді көздеп отыр. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті. 

ДСМ: Есту аппаратын алу үшін енді мүгедектік мәртебесі талап етілмейді
Фото: Pixabay.com

Бұған дейін есту аппараттары әлеуметтік қорғау жүйесі шеңберінде есту қабілетінің ауыр бұзылысына байланысты мүгедектігі бар азаматтардың жекелеген санаттарына ғана берілетін. Заңнамаға енгізілген өзгерістерден кейін мұндай көмекке сурдолог дәрігердің қорытындысы бойынша есту аппаратын қажет ететін пациенттердің кең ауқымы ие болды.

— Басты міндетіміз — есту қабілеті бұзылған адамдарға уақытылы көмек көрсету. Естуді ерте кезеңнен оңалту өмір сапасын сақтауға, білім алуға, қарым-қатынас жасауға және қоғамға бейімделуге мүмкіндік береді, — деді Жанар Сәдуова.

Есту аппаратын алу үшін пациент сурдолог дәрігердің тексеруінен өтеді. Маман есту қабілетінің төмендеу дәрежесі мен сипатын анықтап, қажетті құрылғыны таңдайды және медициналық қорытынды рәсімдейді.

Жаңа қамтамасыз ету тетігі шеңберінде пациенттер тек есту аппаратымен ғана емес, сондай-ақ қызметтердің толық кешенімен қамтылады, оның ішінде құрылғыны жеке іріктеу, баптау, құлақ қалыптамасын дайындау, пациентті пайдалану тәртібіне үйрету, сондай-ақ кепілдік және кепілдіктен кейінгі сервистік қызмет көрсету қарастырылған.

Сонымен қатар елімізде, әсіресе балалардың арасында, есту қабілеті бұзылыстарын ерте анықтау жүйесі қарқынды дамып келеді. Аудиологиялық скринингке цифрлық бақылау енгізілгеннен кейін балалардағы есту қабілеті бұзылыстары анықталған жағдайлар саны үш еседен астам артты. Бұл дәрігерлерге емдеу мен оңалтуды ертерек бастауға мүмкіндік береді.

Бүгінде Қазақстанда мамандандырылған сурдологиялық кабинеттер жұмыс істейді. Онда диагностика жүргізіліп, есту аппараттары іріктеледі және есту-сөйлеу оңалту қызметтері көрсетіледі. Есту қабілеті ауыр дәрежеде бұзылған балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен МӘМС жүйесі шеңберінде кохлеарлық имплантаттау және сүйек өткізгіштігі имплантаттарын орнату сияқты заманауи емдеу әдістері қолжетімді.

Денсаулық сақтау министрлігі медициналық талаптарға сәйкес келетін заманауи есту аппараттарының үлгілерін іріктеу бойынша да дайындық жұмыстарын жүргізді. Тізбеге есту қабілетінің төмендеу дәрежесіне қарай әртүрлі қуат деңгейіндегі құрылғылар енгізілді.

Қазіргі таңда нормативтік және ұйымдастырушылық дайындық жұмыстары толық аяқталды. Келесі кезеңде өңірлер тарапынан қаржыландыру бөлініп, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізіледі.

Жаңа жүйе мыңдаған қазақстандықтың мүгедектік мәртебесіне қарамастан қажетті есту оңалту көмегін уақтылы алуына және олардың өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, жақында есту қабілетіндегі ақауды ерте анықтайтын еліміздегі алғашқы орталық ашылды.