ДСҰ аясында Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында «1994 жылғы ДСҰ-ны құру туралы Марракеш келісіміне Қазақстанның қосылуы туралы хаттамаға қосымша саналатын Көрсетілетін қызметтер бойынша Қазақстанның ерекше міндеттемелерінің тізбесіне өзгерістерді ратификациялау туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
- Ұйымға қосылған сәттен бастап еліміздің сауда көлемі 2015 жылғы 76,5 млрд АҚШ долларынан 2025 жылғы 136,9 млрд АҚШ долларына дейін екі есе артты. Сондай-ақ, халықаралық ұйымдар Қазақстанның сауда рәсімдерін жеңілдету және сауда процестерін цифрландыру бағытындағы прогресін ерекше атап өтуде. Ұсынылып отырған заң жобасы осы жұмыстың және ДСҰ-да қабылданған міндеттемелерді орындаудың жалғасы саналады. Өзгерістер Қазақстанның қызметтер саудасы бойынша Жалпы келісімді дамыту мақсатында көрсетілетін қызметтерді ішкі реттеу жөніндегі ДСҰ ережелеріне қосылуын қарастырады. 2025 жылы қызметтер саудасы әлемдік сауданың шамамен 28 пайызын құрады, ал оның өсу қарқыны тауарлар саудасының өсу қарқынынан асып түсті. Көрсетілетін қызметтер саудасы 5,3 пайызға, ал тауарлар саудасы 4,6 пайызға өсті. Бұл енді тек көлік, қаржы, сақтандыру немесе туризм сияқты дәстүрлі қызметтермен шектелмейді, IT қызметтер, электронды коммерция, білім беру қызметтері белсенді дамып келеді, - деді ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.
Оның айтуынша, Қазақстанда да бұл бағытта оң өзгерістер бар. Мәселен, 2025 жылы қызметтер экспорты шамамен 13 млрд АҚШ долларын құрады. Электронды сауда көлемі соңғы бес жыл ішінде 8 есе артып, 3,8 трлн теңгеге жетті.
- Бүгін талқыланып отырған талаптар қызмет көрсету саласын, соның ішінде қаржылық қызметтерді реттеудің жалпы негіздерін белгілейді. Қағидаларда өтінімдерді беру рәсімдері мен оларды қарау мерзімдерін жеңілдету, өтінімдерді және рұқсат құжаттарын электронды түрде беру мүмкіндіктері бойынша ұсынымдар қамтылған. Ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігіне, сондай-ақ қабылданатын шараларды әзірлеу кезеңінде талқылау мүмкіндігіне ерекше назар аударылды. Осылайша, негізгі міндет – қызмет көрсетушілерге қойылатын талаптарды ашық, объективті және болжамды ету. Бұл ретте, Қағидалар мемлекеттің қызмет көрсету саласын реттеу құқығын шектемейтінін атап өткен жөн. Қазақстан лицензиялауды, біліктілік талаптарын және басқа қажетті реттеу шараларын белгілеу құқығын өзінде сақтайды. Мұндай шаралар денсаулық, қауіпсіздік және басқа да қоғамдық мүдделерді қорғау мақсатында белгіленуі мүмкін. Сондай-ақ, Қағидаларға қосылу қазақстандық қызмет көрсетушілер үшін сыртқы нарықтарда қосымша мүмкіндіктер жасайтындығы маңызды. Бұл көрсетілетін қызметтермен өзара сауда жасау үшін тең жағдайлар жасалуына ықпал етеді, - деді министр.
Осы орайда ол цифрлық экономиканың, электронды коммерцияның, қаржылық, көлік, IT және кәсіби қызметтердің дамуы Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтты.
Қызмет көрсету саласын реттеудің ашықтығы мен болжамдылығын арттыру бәсекелестіктің дамуына, инвестициялардың тартылуына және көрсетілетін қызметтер экспортының өсуіне ықпал етеді. Осы Қағидаларды ратификациялау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкелмейді және республикалық бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді.
Бұған дейін Қазақстан ДСҰ алдындағы сауда рәсімдерін жеңілдету міндеттемелерін толық орындағанын жазған едік.