Дубай – Тель-Авив рейсі борттағы оқиғадан кейін Сауд Арабиясына қонды
АСТАНА. KAZINFORM – Әуе компаниясы жолаушылардың қауіпсіздігін растады, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Flydubai әуе компаниясының Дубайдан Тель-Авивке FZ1073 рейсін орындаған ұшағы 30 қыркүйек күні таңертең Сауд Арабиясының солтүстік-батысындағы Табук әуежайына шұғыл қонды.
Reuters агенттігі әуе компаниясының өкіліне сілтеме жасап хабарлағандай, барлық жолаушының жағдайы жақсы.
Алдын ала мәліметке сәйкес, Израильдің қауіпсіздік қызметтері оқиғаға ұшқыштар арасындағы жанжал себеп болуы мүмкін деген болжам жасап отыр. Израильдік дереккөздер ұшақты басып алу нұсқасы жоққа шығарылғанын хабарлады.
Ал Flydubai әуе кемесінің бортында оқиға болғанын растағанымен, оның қандай жағдайда және не себепті болғанын әзірге нақтылаған жоқ.
Ұшу кезінде ұшақ жалпы төтенше жағдайды білдіретін 7700 кодын, кейін қысқа уақытқа ұшақты басып алу жағдайында қолданылатын 7500 кодын жіберген. Әуе кемесі бағытын өзгертіп, биіктігін күрт төмендеткен. Бастапқыда Израиль билігі экипажбен байланыса алмай, ұшақ басып алынуы мүмкін деген күдік туындады.
Израиль жойғыш ұшақтарды әуеге көтеріп, премьер-министр Биньямин Нетаньяху мен армия басшылығы шұғыл кеңес өткізді. Кейін ұшақпен байланыс қалпына келіп, әуе кемесі Табук әуежайына қонды.
Flydubai жолаушыларды Тель-Авивке жеткізу үшін Табукке қосымша ұшақ жібермек.
Нетаньяху кеңсесі жағдайдың бақылауда екенін мәлімдеді.
— Қазіргі уақытта Израиль азаматтарын елге қауіпсіз жеткізу үшін барлық қажетті шара қабылданып жатыр, — делінген хабарламада.
Израиль әуежайлар басқармасы әуе кеңістігі жабылды деген ақпаратты жоққа шығарды.
Ведомство мәліметінше, әуежайлар қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Оқиға кезінде де Израильдің әуе кеңістігі жабылған жоқ.
Бұған дейін Дубайдан Тель-Авивке ұшқан рейс апаттық сигнал беріп, Израиль жойғыш ұшақтарды көтергенін хабарлаған едік.