Дубайдан Тель-Авивке ұшқан рейс апаттық сигнал берді, Израиль жойғыш ұшақтарды көтерді
АСТАНА. KAZINFORM — Оқиғаның мән-жайын қауіпсіздік қызметтері анықтап жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Flydubai әуе компаниясының Дубайдан Тель-Авивке бағыт алған ұшағы 30 қыркүйек күні таңертең апаттық сигнал беріп, Сауд Арабиясы әуе кеңістігінде бағытын өзгерткен.
The Times of Israel басылымы қауіпсіздік қызметтеріндегі дереккөздерге сілтеме жасап, Израиль әуе кеңістігіне жойғыш ұшақтарын көтергенін хабарлады. Әзірге жолаушылар ұшағын басып алу туралы ақпарат ресми түрде расталған жоқ.
Басылымның мәліметінше, ұшақ алдымен жалпы төтенше жағдайды білдіретін 7700 кодын, кейін ұшақты басып алу немесе заңсыз араласу жағдайында қолданылатын 7500 кодын жіберген. Flightradar24 сервисі 7700 кодының берілгенін растады. Алайда сигналдың нақты себебі әзірге белгісіз.
Израильдің «Вести» басылымы ұшақ бортында 174 жолаушы барын хабарлады. Израиль қауіпсіздік қызметтеріндегі дереккөздің айтуынша, апаттық сигналдың берілуі ұшақтың басып алынғанын білдірмейді.
— Ұшақтың басып алынғаны туралы нақты ақпарат жоқ. Әзірге ұшқыш апаттық сигнал бергені белгілі. Ұшқышпен байланыс орнату мүмкін болмай тұр, бұл алаңдатып отыр, — деп хабарлады дереккөз.
FZ1073 рейсі Тель-Авив маңындағы Бен-Гурион әуежайына жергілікті уақыт сағат 09:10–да (Астана уақытымен 11:10) қонуға тиіс болған.
Израильдік БАҚ мәліметінше, ұшақ биіктігін төмендетіп, бағытын Сауд Арабиясы жағына өзгерткен. Ұшақтың қонғаны туралы әзірге ақпарат жоқ.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен Қорғаныс министрі Исраэль Кац қауіпсіздік мәселесіне қатысты шұғыл кеңес өткізіп жатыр.
Бұған дейін Сауд Арабиясы Йеменге әуеден бір тәулікте 35 соққы жасағаны хабарланған болатын.