Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Дунайдың тартылуы салдарынан Румыния жалғыз АЭС-ін тоқтатты

АСТАНА. KAZINFORM – Румыния бейсенбі күні Дунай өзеніндегі су деңгейінің рекордтық көрсеткішке дейін төмендеуіне байланысты елдегі жалғыз атом электр станциясының жұмысын толық тоқтатты. Бұл туралы ВВС жазды.

АЭС
Фото: wikimedia.org/wikipedia

Nuclearelectrica ұлттық атом энергетикалық компаниясы шілде айында «Чернаводэ» АЭС-індегі екі реактордың бірін тоқтатқан еді. Бұл станция әдетте Румынияда өндірілетін электр энергиясының бестен бір бөлігін қамтамасыз етеді.

Компанияның мәлімдеуінше, «Дунай өзеніндегі су деңгейінің айтарлықтай әрі үздіксіз төмендеуіне» байланысты екінші реакторды да тоқтатуға тура келген.

– Nuclearelectrica SA 2026 жылғы 13 тамыз таңертең «Чернаводэ» атом электр станциясының екінші энергоблогын бақыланатын режимде тоқтату рәсімін бастады, – делінген компания мәлімдемесінде.

Румыния билігі әрқайсысының қуаты 700 МВт болатын екі реактордың да толық тоқтап қалуына жол бермеу үшін бірнеше күн бойы әрекет жасаған.

Осы мақсатта бірқатар төтенше шара қабылданды. Атап айтқанда, өзен арнасын өзгерту үшін жартастар жарылып, тас тиелген төрт баржа суға батырылған. Бұл жұмыстардың жалпы құны 2 млн еуродан асты.

Бұл – 2003 жылғы құрғақшылықтан бері станцияның алғаш рет толық тоқтауы. Сол кезде де АЭС жұмысын бірнеше аптаға тоқтатуға тура келген.

Румыния Энергетика министрлігі сәрсенбі күні елді электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін балама көздер пайдаланылатынын мәлімдеді. Олардың қатарында жел энергетикасы мен электр энергиясының импорты бар.

Румыния тамыз айының соңына дейін энергетика саласында төтенше жағдай жариялады. Билік компаниялар мен тұрғындарды кешкі уақытта электр желісіне жүктеме шарықтайтын кезеңде энергия тұтынуды ерікті түрде азайтуға шақырды.

Энергетика министрлігі сондай-ақ қуаты 330 МВт болатын қоңыр көмірмен жұмыс істейтін электр станциясын іске қосты.

Электр энергиясының тапшылығын өтеу үшін министрлік су қоймаларындағы су деңгейіне қарай жел және су электр станцияларындағы өндірісті ұлғайтуға да үміт артып отыр.

Айта кетейік, өткен аптада Румыния АЭС жұмысын сақтау үшін Дунайдағы жартасты жарған еді.

Ал Аптап ыстықтап Франциядағы АЭС-тер қуатының бестен бірі істен шықты. Сондай-ақ бұған дейін Франциядағы аптап ыстыққа байланысты атом реакторлары уақытша тоқтатылғанын жаздық.

Бұдан бөлек, аптап ыстықтан Францияда сегіз ядролық реактордың қуаты төмендетілгені хабарланды.