Дүниежүзі бойынша Қазақстан 16-ел болып Қысқы Универсиаданы өткізеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда спорттың сан алуан түрі бар. Әр жарыс өз шығу тарихымен ерекшеленеді. Сол бәсекелердің бірі екі жылда бір рет жалауы желбірейтін Бүкіләлемдік Қысқы Универсиада ойындары.

Дүниежүзі бойынша Қазақстан 16-ел болып Қысқы Универсиаданы өткізеді

Өткен аптада Алматыда 2017 жылы өтетін XXVIII қысқы Универсиада ойындарының спорт нысандары туралы таныстырған болатынбыз. Бүгін тарихы туралы қысқаша тоқталып өткенді жөн көріп отырмыз.

Бүкіләлемдік универсиаданың тарихы 1905 жылдан бастау алады. Осы жылы АҚШ-та студент жастардың алғашқы халықаралық жарысы өтті. Бірінші Дүниежүзілік студенттік ойындар 1923 жылы Парижде ұйымдастырылды. Алайда, Универсиада деген атау алған алғашқы спорт жарысы 1959 жылы Италияның Турин қаласында өтті. Міне, содан бері Универсиада әлемдегі ең айшықты халықаралық бұқаралық спорт және мәдени оқиғалардың біріне айналды.

Универсиада - Халықаралық Университеттік Спорт Федерациясының (International University Sports Federation (FISU) ұйымдастыруымен студенттер арасында өтетін халықаралық жарыс. Бұл дүбірлі доданы «Бүкіләлемдік студенттік ойындар» немесе «Бүкіләлемдік университеттік ойындар» деп те атайды. Мыңдаған талантты жастардың басын қосатын бұл ойындар екі жылда бір болып тұрады. Яғни бір жылы қысқы спорт түрлерінен өтсе, келесі жылы жазғы ойындар ойналады.

Спорт тарихындағы тұңғыш қысқы Универсиаданың тұсауы 1960 жылы Францияның Шамони қаласында кесілді. 28 ақпан мен 6 наурыз аралығында өткен бұл халықаралық додада 4 алтын, 2 күміс, 1 қола медальмен Франция көш бастады. 3 алтын, 1 күміс, 1 қоланы қанжығаға байлаған Кеңес Одағы екінші орын иеленді. Содан бері екі жылда бір болатын қысқы Универсиада төрткүл дүниенің төрт бұрышынан жастардың басын біріктіретін ірі додаға айналып үлгерді.

Универсиадаға студенттер, аспиранттар және ЖОО түлектері қатыса алады. Олардың жас шамасы 17-ден төмен 28 жастан аспауы көзделген.

Қазақстан Универсиадаға 1993 жылдан бері қатысып келеді. Осы жылдар ішінде 700 спортшы қатысып, 125 медаль иемденді.

Қазақстандық спортшылар үшін 2015 жылғы қысқы Универсиада ең нәтижелі болды. Құрама бірінші рет жалпы есепте 3-орын алды (5 алтын, 6 күміс).

Жазғы Универсиадаға қатысқанда ең нәтижелі деп, 2007 жылғы Бангкоктағы Универсиаданы айта аламыз. Спортшыларымыз 14 медаль алды (11-орын).

2011 жылдың 29 қарашасында Халықаралық студенттер спорты 2017 жылы Алматы қаласын 28-ші Бүкіләлемдік Қысқы Универсиаданы өткізетін қала ретінде таңдады. Универсиаданы Алматыда өткізу туралы ресми шешім Брюссельде Халықаралық университеттік спорт федерациясында (FISU) өткен дауыс беру нәтижесінде қабылданды. Осылайша, Алматы бұрынғы кеңестік елдер арасында бірінші болып, 2017 жылы өтетін XXVIII қысқы Универсиаданың астанасына айналды.

Бұған дейін 1973 жылы Мәскеу және 2013 жылы Қазан қаласы жастардың тек жазғы спорт ойындарын қабылдаған болатын. Ал Қазақстан ТМД елдері арасында бірінші болып Қысқы Универсиаданы өткізу мәртебесіне ие болып отыр. Бұл қазақ елінің әлем алдындағы абыройлы ел екендігінің айқын дәлелі.

Осыған дейін Бүкіләлемдік Қысқы Универсиада ойындарын әлемнің 15 мемлекеті өз елінде өткізу құқығына ие болды. Соның ішінде бұл байрақты бәсекені ең көп өткізу мәртебесіне ие болған Италия болса (6 рет), Чехословакия мен Испания елдері әрқайсысы үш реттен өткізіп екінші орында тұр. Ал Аустрия, Болгария, Польша елдері әрқайсысы екі-екіден өткізу мәртебесін иеленіпті. Франция, Швейцария, Финляндия, АҚШ, Жапония, Корея, Словакия, Қытай, Түркия елдері бір-бірден жарысты ұйымдастыру құқығына ие болыпты. Міне, осы елдердің қатарына 16-шы болып қазақ елі қосылмақ.

Универсиада туын Алматы қаласына табыс ету салтанатты рәсімі 2015 жылғы 15 ақпанда Испанияның Гранада қаласында өтті.

Алматыда өтетін 2017 жылғы Дүниежүзілік қысқы универсиаданың тұмары ретінде сұңқар таңдалды. Тұмарды ұсынушылардың пікірінше, сұңқар жылдамдықты, жеңілдікті, күш-қуат пен жеңіске деген құлшынысты бейнелейді. Логотип айқын көрінетін динамикалық пішіні бар сұңқар қанаты түрінде жасалған. Осы символға орай, Алматыдағы Универсиаданың ұранына «Қанатыңды кең серпі!» тіркесі таңдалды.

Универсиада аясында Қазақстанда спорттың 13 түрінен (8 міндетті және 5 қосымша) жарыстар жоспарланған. Мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғысы спорты, сноубординг, биатлон, шаңғы жарысы, шайбалы хоккей, керлинг міндетті спорт түрлеріне кіреді. Ал қабылдаушы тараптың ұсынысы бойынша енгізілетін қосымша спорт түрлеріне шаңғымен тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы, фристайл, конькимен жүгіру спорты және бенди кіреді.

Осыған дейін Қысқы Универсиаданы өткізген елдер:

1960 жыл:

I Ойындар - Шамони (Франция)

1962 жыл:

II Ойындар - Вилларс (Швейцария)

1964 жыл:

III Ойындар - Шпиндлеров Млин (Чехословакия)

1966 жыл:

IV Ойындар - Сестриере (Италия)

1968 жыл:

V Ойындар - Инсбрук (Аустрия)

1970 жыл:

VI Ойындар - Рованиеми (Финляндия)

1972 жыл:

VII Ойындар - Лэйк-Плэсид (АҚШ)

1975 жыл:

VIII Ойындар - Ливиньо (Италия)

1978 жыл:

IX Ойындар - Шпиндлеров Млин (Чехословакия)

1981 жыл:

X Ойындар - Хака (Испания)

1983 жыл:

XI Ойындар - София (Болгария)

1985 жыл:

XII Ойындар - Белунно (Италия)

1987 жыл:

XIII Ойындар - Штрбске Плесо (Чехословакия)

1989 жыл:

XIV Ойындар - София (Болгария)

1991 жыл:

XV Ойындар - Сапорро (Жапония)

1993 жыл:

XVI Ойындар - Закопане (Польша)

1995 жыл:

XVII Ойындар - Хака (Испания)

1997 жыл:

XVIII Ойындар - Муджу (Корея Республикасы)

1999 жыл:

XIX Ойындар - Попрад (Словакия)

2001 жыл:

XX Ойындар - Закопане (Польша)

2003 жыл:

XXI Ойындар -Тарвизио (Италия)

2005 жыл:

XXII Ойындар - Инсбрук Зеефельд (Аустрия)

2007 жыл:

XXIII Ойындар - Турин (Италия)

2009 жыл:

XXIV Ойындар - Харбин (Қытай)

2011 жыл:

XXV Ойындар - Эрзурум, (Түркия)

2013 жыл:

XXVI Ойындар - Трентино (Италия)

2015 жыл:

XXVII Ойындар - Гранада (Испания)

Ал келесі XXVIII Универсиада ойындары қазақ елінің Алматы қаласында 2017 жылы 29 қаңтар мен ақпанның 8-і аралығында өтеді.

Күнсұлтан Отарбай