Дүниежүзі қазақтарының IV Құрылтайының басты ерекшелігі – Тәуелсіздіктің 20 жылдығында өтетіндігінде – Т. Мамашев
АТЫ. 24 мамыр. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Еліміз тәуелсіздігін алған кезде құрылған алғашқы қоғамдық ұйымдардың бірі - Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы.
Керегесін дербес мемлекетіміздің таңымен бірге қалаған ұйымға келер жылы 20 жыл толады. Қауымдастықтың осы уақытқа дейін атқарған жұмыстарымен және қазіргі тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында, сондай-ақ 25-27 мамыр күндері Астана қаласында өтетін Дүниежүзі қазақтарының IV Құрылтайының қарсаңында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқасы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашевтан алған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.
-Талғат Асылұлы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылуы ел тәуелсіздігінің арқасында мүмкін болғанын білеміз. Егеменді ел болуымыз шетелдегі қандастарымызға не берді?
-Иә, Қауымдастық еліміздің дербес мемлекет болуымен дүниеге келді, сондықтан ұйымның құрылуын тәуелсіздік алуымызбен тікелей байланысты деп айтсам да болады. Келесі жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылғанына 20 жыл толады. Қазақстанның егеменді ел болуы ең алдымен, шетелдегі қандастарымызға туған тарихы Отанына оралуға жол ашты.
Бүгінде әлемнің әр қиырындағы 40 елде 5 миллионға жуық қазақтар тұрады. Отандастарымыздың 1 миллионнан астамы Ресейде өмір сүріп жатса, Өзбекстан елінде 1,5 миллион қазақ бар. Дәл осыншама қазақ Қытайда ғұмыр кешуде. Моңғолия, Иран, Ауғанстан елдерінде де біршама қандастарымыз бар. Бір сөзбен айтқанда, қазақтар Канададан бастап Австралияға дейінгі аралықта тұрып жатыр. Кеңес дәуіріндегі темір қақпа КСРО-ны бүкіл әлемнен бөліп, адамдарға араласуға мүмкіндік бермеген еді. Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана шетелдегі қандастарымызға есік кеңінен ашылды. Сол кезден бастап сырттағы қандастарымыздың тарихи Отанына қайтуға, ата-бабаларының кіндік қаны тамған жерді көруге деген ынталары жылдан жылға артты. Алғашқы жылдары тіпті, көп болды десем болады.
Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы 1992 жылы құрылды, дәл осы жылдың қыркүйек айында Алматыда бірінші құрылтай өтті. Оған 30 елден 600-ден астам делегат келді. Дәл сол 1992 жылы барлық делагаттар үшін ата-бабаларының ұзақ жылдар бойы орындалмастай болған армандары жүзеге асты. Мен қызмет бабымен шетелдерде, әсіресе, қазақтардың көп шоғырланған жерлерінде көп боламын. Сондықтан олардың Отанына деген сағынышын, ішкі сезімдерін, кейде шарасыздықтарын да жақсы түсінемін. Олар өз сезімдерін әрқашан ашық айта алмайды. Кезіндегі ашаршылық адамдарды еріксіз бас сауғалатты. Екінші миграция толқыны ел тәуелсіздігін алған жылдары болды, ол кезде білесіздер, әлеуметтік-экономикалық жағдай қиын болды. Көбі Қазақстанның қиын жағдайдан шығып кететініне сенбеді. Ал бүгінде ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы алдында біз жаңа Қазақстанды, болашаққа ұмтылған елімізді көрудеміз.
- Биыл Астанада өтетін Дүниежүзі қазақтарының IV Құрылтайының қандай ерекшелігі бар?
- Ең басты ерекшелігі - Құрылтайдың ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өткелі отырғандығында. Құрылтай осы атаулы күнді мерекелеу аясында өткізілетін болады. Жарғы бойынша, Құрылтай 5 жылда бір рет өткізілуі тиіс. Бірінші құрылтай Алматыда 1992 жылы, екінші құрылтай Түркістан қаласында 2002 жылы өтті, экономикалық қиындықтарға байланысты екіншісін 10 жылдан кейін өткіздік. Одан кейін 2005 жылы Астанада болды. Биылғы Құрылтайдың тағы бір ерекшелігі - оған жастар көп келетін болады, бұған дейінгі басқосуларға қарағанда бұл жолы Қазақстандағы және басқа елдердегі жастар мен жастар ұйымдарының, студенттер бірлестіктерінің көшбасшылары көптеп шақырылды. Делегаттардың 60 пайызын 30 жасқа дейінгі жастар құрайтын болады. Оларға арнайы жеке бағдарлама жасалуда. Бірінші күн спорттық шараларға арналған. Бұл күндері ұлттық спорт түрлерінен әр түрлі жарыстар өтеді, сонымен қатар, тұңғыш рет Еуропа, Түркия, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей және Қазақстанның жастар командалары арасында халықаралық футбол турнирі өткізілетін болады. Турнирге 16-18 жастағы жасөспірімдерден құралған 10-нан астам командалар келеді. Олардың көпшілігі Швецияның, Түркияның, Өзбекстанның жасөспірімдер командасында ойнайтын спортшы жастар. Біз үшін ұлттық салт-дәстүрімізді, мәдениетіміз бен өнерімізді, түпкі тамырымызды көрсету маңызды болып табылатындықтан, шара барысында жыр мүшайрасы - халықаралық ақындар байқауы ұйымдастырылады, дәстүрлі қолөнер шеберлерінің туындылары қойылатын көрме де өтетін болады. Көрме Президенттік мәдениет орталығында ашылады, оған келушілер шетел қазақтарының қолынан шыққан туындыларды тамашалай алады. Әрине, мерекелік шара концерттік бағдарламасыз өтпейді, сондықтан талантты жастардың қатысуымен концерттер өтпек. Онда талантты жастар өз өнерлерін көрсетеді. Ал кешкілік «Жастар» сарайының орталық алаңында жастардың би кеші болады.
Жастар үшін сонымен қатар, көрікті Астананың әсем орындарымен таныстыру бағдарламасы да қарастырылған. Өйткені, олардың көпшілігі ата-бабасының кіндік қаны тамған жерге тұңғыш рет келгелі отыр. Отанымыздың бас қаласын көретін жастардың елдің дамып жатқандығына көздері жететініне, «еліміз өршіл жоспарлары бар, мықты мемлекет болып келе жатыр» деген мақтаныш сезімдері бойларын кернейтіндеріне сенемін. Біздің мақсатымыз - олардың бойындағы Отанына деген махабаттарын ояту болып табылады.
- Жалпы Құрылтайға қанша делегат шақырылды?
- Құрылтайға әлемнің таяу және алыс шетелдерден, барлығы 35 мемлекеттен 380 делегат, сондай-ақ Алматы мен Астана қалаларынан, еліміздің өңірлерінен 300-ден астам өкілдер шақырылды. 680 делегаттың қатарында шығармашылықтың, ғылым, педагогика, зияткерлік, бизнес, спорт салаларының, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар. Делегаттар арасында Чехияның экс-министрі Жәмила Стехликова, Чувашияның экс-министрі Гүлмира Әкімова, Моңғолияның Оқу-ғылым және мәдениет министрінің орынбасары Чоной Күләнда, Ресейдің Түмен мемлекеттік Думасы іс басқармасы бастығының орынбасары Кенесары Қойше, Мирный қаласы әкімінің муниципалдық саясат, әлеуметтік мәселе және кадр жөніндегі 1-ші орынбасары Гүлсім Бейсенбаева бар. Ал шетелден келетін 50 ғалым және 12 академиктің ішінде аса көрнекті тарихшы Ермұхан Бекмахановтың қызы, мәскеулік профессор Нәйла Ермұханқызы Бекмаханова, қазақтан шыққан тұңғыш теміржол инженері, Алашорда көсемдерінің бірі Мұхамеджан Тынышпаевтың ұлы мен немересі академик және техника ғылымдарының докторлары Дәулет Мұхамеджанұлы мен Асқар Дәулетұлы бар.
Құрылтайдың негізгі іс-шаралары 25 мамыр күні «Отан қорғаушылар монументіне» гүл шоқтарын қоюдан басталатын болады. Одан соң ІV құрылтай делегаттары Тәуелсіздік сарайымен танысады, онда Дүниежүзі қазақтарының ІV құрылтайының ашылу салтанаты болады. Алқалы кеңесте Қазақстан Республикасының Президенті, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқасының төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сөз сөйлейді. Ел Президенті құрылтай барысында соңғы бес жылдағы жұмысымызды қорытындылап, алдағы міндеттерімізді бекітетін болады. Ал кешке Конгресс-холлда «Қыз Жібек» операсының қойылымы өтетін болады.
Екінші күні делегаттар Қазақстанның жаңа астанасының әсем орындарымен танысып, Астана қаласы әкімдігінің «Этноауыл» кешенінің ашылуына қатысады.
Айта кететін бір жайт, шара барысында қонақтарға арналған арнайы пікір-алмасу алаңы, әр министрліктердің өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылатын болады. Пленарлық мәжілістің ашылуына дейін олар өздерін қызықтыратын органдармен кездесіп, өздерінің мәселелерін шешіп, сұрақтарына жауап ала алатын болады. Сонымен қатар республиканың жеті министрлігінде, тоғыз түрлі ведомстволардың қатыстырылуымен дөңгелек үстел жиындары өтетін болады.
-Үшінші құрылтайдан соң, осы уақыт аралығына дейін шетелдегі қазақтардың қауымдастықтарында қандай өзгерістер болды?
- Әртүрлі себептермен көшкен қазақтар бізге жақын елдермен қатар, алыс шетелдерде де тұрып жатыр. Мәселен, 1 миллионға жуық еліміздің бұрынғы азаматтары Германияда тұрады. Бүгінде ол қазақстандықтар ұлттары әртүрлі болса да қауымдастықтар құруда. Оларды ортақ тамыры біріктіруде, тіпті мүмкін Қазақстанға деген сағыныштары да біріктіруде.
Ресми мәліметтер бойынша, соңғы 20 жылда Қазақстанға 800 000 қазақ көшіп келді. Ал біз табиғи өсім есебімен алғанда бір миллионнан асты деп санаймыз. Алғашқы жылдары қандастарымыздың келу жайында әр түрлі пікірлер айтылды. Менің ойымша, бұл бастама мен қадам қазақтардың санының ұлғаюына ықпал етті. Олар біздің тілімізді байыта түсті. Ата-бабасының кіндік қаны тамған жерге келгендердің ішінде зиялы қауым өкілдері де көп болды. Атап айтқанда, 60 -қа жуық ғылым докторлары, 300-ден аса ғылым кандидаттары, танымал жазушылар, өнер қайраткерлері, сонымен қатар кәсіпкерлер де болды. Олардың ішінде бүгінде ел өнерінің мақтанышына айналғандары қаншама. Олардың әрқайсысы ел дамуына өз үлестерін қосуда.
Қазақстан аумағы бес Францияны құрайды, ал халықтың саны бұл көлемге сай емес. Сондықтан, халық санының өсуі этникалық қазақтардың саны есебімен толығатын болады. Бұл тарапта, Қазақстан басқа ел тәжірибесіне сүйене отырып, арнайы «Нұрлы көш» бағдарламасын жасаған болатын. Өздеріңіз білесіздер, бағдарлама алғашында қарқынды іске асып еді, соңғы үш жылда қандастарымыздың елге қайту үрдісі бәсеңдеп қалды. Ол бағдарламаны іске асырудағы ұйымдастыру мен қаржылық мәселелерге, сонымен қатар көші-қон органдарындағы жұмыс мәселелерімен байланысты болып отыр. Дәл осы және өзге де мәселелер, сонымен қатар ұйымның алдағы дамуы жақында өтетін құрылтай барысында талқыланатын болады. Алдағы 10 жылда елге 1 миллион қазақты қайтара алсақ, онда халықтың 75 пайызын қазақтар құрайтын болады. Ол ең алдымен мемлекеттіктік тілдің мәселесін шешуге ықпал ететін болады деп санаймын.
- Қазақтардың көпшілігін шекаралас елдерде - Ресейде, Қытайда, Өзбекстан мен Монғолияда тұрып жатқандарын білеміз. Осы мемлекеттерден елге қайту тұрғысында қандай да бір мәселелер бар ма? Қытай елінен елге оралуға қатысты қиындықтар жайлы БАҚ-та көп сөз болып жүр...
- Иә, ол мәселе маған таныс. Соңғы жылдары Қытай елі жоғары қарқынмен дамуда. Елдің экономикалық жағдайының жақсаруымен этникалық қазақтардың да жағдайы жақсарды. Қытай жағы ресми түрде қазақтардың кетуіне еш кедергі жасап жатқан жоқ, бірақ әр түрлі себептер де бар. Мәселен, Қытайдағы ауыл тұрғындарында жеке куәлік жоқ, сонымен қатар онда шетелге шығу төлқұжатын алу өте қиын. Сонымен қатар тағы бір мән беретін мәселе, Қытайдың мемлекеттік саясаты талантты балаларды қолдауға бағытталған, оның ішінде әсіресе, этникалық өкілдердің балаларына назар аударылған. Олардың жетекші ЖОО-ға түсуіне барлық көмектер жасалуда. Ал бізге көбіне нашар оқитын балалар келуде, оны айтуымыз керек. Дегенмен, бізді олардың білім алуға, маман иесі болуға деген қызығушылықтары, ел үшін, Отан үшін қызмет етуге деген ынталары қуантады.
Елге қайту жөнінде тағы бір мәселе бар, екі ел арасында миграция жөнінде ортақ заң жоқ. Кезінде қазақтар көп шоғырланған жерлерде қазақ тілінде мектептер мен мерзімді басылымдар болып, телеарналар мен радиоларда қазақ тіліндегі хабарлар берілсе, қазір қытай тілінің экспансиясы байқалуда. Өзім, тарихи Отанына көшіп келгісі келетін қандастарымыздың бәрі осында тұрып жатыр деп санаймын. Аз ғана қалған отандастарымыз, әр түрлі себептермен шыға алмауда. Ол мәселелерді шешу үшін жоғары деңгейде келісім жүргізу керек. Қытай елі біздің елмен миграция жөніндегі келісімге қол қоймайынша және Қазақстан өкіметінің қаржылық көмегінсіз ол адамдардың елге қайтуы мүмкін емес. Иә, сонымен қатар, Консулдықта визаны жасау мәселелері бар. Үрімжі қаласында виза-паспорттық мекеме бар, бірақ ол Қазақстанға келушілердің құжаттарын толтырып үлгере алмауда. Сондықтан, толыққанды Консулдық ашу керек екенін түсінеміз. Дипломатияда «паритет» деген түсінік бар, егер біз Үрімжіде өз Консулдығымызды ашсақ, қазақстандық тарап та Қытай үшін осындай қадамға баруы керек. Біздің Елшілік әлемдік маңызы бар, қаржылық және экономикалық орталық болып табылатын Шанхайда жұмыс істеуде. Бірақ біз бүгінде Қытайда өмір сүріп жатқан 1,5 миллион қазақтың мүддесін ескеруіміз керек.
- Қай елдерден қандастарымыз көп келуде?
- Қазақтар Өзбекстаннан көп келді, Қытайдан шамамен қандастарымыздың 15 пайызы оралды, одан кейін Монғолия үшінші орында тұр, ал Ресей одан кейінгі орында.
Бүгінде Ресейде Калининградтан Якутияға дейін 33 ұлттық орталықтарымыз жұмыс істейді. Қазақтардың негізгі бөлігі шекаралас аудандарда - Астрахан, Орынбор, Самара, Волгоград, Омбы облыстарында тұрады. Сондықтан бұл жерлерде қазақ-орыс университетерін ашып, оқу мекемелерін қажетті кітаптармен қамтамасыз етіп тұру керек. Өткен жылдары ол жерлерде болып қайтқам, жағдайлары жақсы, зейнетақылары жоғары. Бірақ айта кететінім, Кеңес дәуіріндегі қазақ мектептері жабылған. Астрахан облысында қазақтардың 60 пайызы тұрады.
- Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы «Қазақстан Республикасының көші-қон туралы» заңына қандай ұсыныстар беріп, өзгертулер енгізді?
- Мәжіліс бірінші оқылымда көші-қон туралы заң жобасын қарауды жоспарлауда. Жыл соңына дейін жаңа заң қабылданады деген үміттеміз. Соңғы жылдары, өкінішке қарай, көші-қон жұмысында жағымсыз жағдайлар туындады, жеке тұлғалар бұл үрдісті бизнеске айналдырып, жалған құжаттарды жасады. 2011 жылға дейін Көші-қон комитеті ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің құрылымында жұмыс істеді. Ал, бұл жағдайлар Үкіметтің бұл органды ҚР Ішкі істер министрлігінің Көші-қон жөніндегі комитетіне ауыстыруға мәжбүрледі. Жақында Алматыда оралмандар ұйымдары көшбасшыларының және Комитет басшыларының қатысуымен жиын болып өтті. Соның нәтижесінде Қоғамдық кеңес құрылды, оған Парламент Мәжілісінің депутаттары кірді. Кеңестің алғашқы жиыны осы Құрылтайдың алдында өтетін болады. Онда бүгінде туындаған өзекті мәселелер мен сұрақтар күн тәртібінен түседі деп үміттенеміз.
- Әңгімеңізге рахмет!