Дүниежүзілік банк өкілдері ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасының басшыларымен кездесті
АЛМАТЫ. 9 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда Дүниежүзілік банктің өкілдері мен ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасы басшылары Кеден одағының мәселелері мен келешегі туралы кездесу өткізді.
ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасының стратегиялық даму жөніндегі вице-президенті Ғалым Аманжолов Дүниежүзілік банктің кеңесшісі Дэвид Тара мен Орталық Азия бойынша Аймақтық экономикалық бағдарламасының кеңесшісі Екатерина Вашакмадзені Қазақстандағы Кеден одағына кіргеннен кейінгі ахуалмен таныстырды. Сондай-ақ ҚР Үкіметі жанындағы Бірыңғай үйлестіру кеңесінің жұмыс топтарының қызметімен таныстырды. Дүниежүзілік банк өкілдерінің бастамасымен өткен бұл шара олардың Экономикалық даму және сауда министрлігіндегі ресми кездесулері қарсаңында ұйымдастырылды. Ресей Сауда-өнеркәсіп палатасының Орталық Азиядағы аймақтық уәкілі Виктор Жигулиннің сөзіне қарағанда, Кеден одағындағы негізгі мәселе - бірыңғай техникалық реттеулердің жоқтығы.