Дүниежүзілік талаптарға сай келетін жан-жақты білімді жас ұрпақты тәрбиелеп шығаруымыз керек - Н.Назарбаев

ОРАЛ. 12 мамыр. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы ойдағыдай.
None
None

Бұл туралы бүгін батыс өңіріне жасаған екікүндік жұмыс сапарынан кейін журналистерге берген сұхбатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.

Президент сапары барысында елімізде қабылданған мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес өңірде нақты жұмыстар атқарылып жатқандығына көз жеткізгенін атап өтті. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына сәйкес облыста жаңа жобаларды жүзеге асыру одан әрі жалғасуда. Халықты таза сумен қамту жұмыстары жүргізілуде. «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасына сәйкес, әсіресе, жастар мамандық меңгеріп, олар үшін жаңа жұмыс орындары ашылуда. «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша жалгерлік үй алғандар бірте-бірте пәтер ақысын өтеп, оған түбегейлі ие болады. Бұл - жастар үшін үлкен қамқорлық. Мұндай тәжірибе еш жерде жоқ. Сол сияқты «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасына сәйкес банктің пайыздық мөлшерлемесінің тең жартысын мемлекет өз мойнына алып отыр. Мұны бизнестерінің дамуы үшін өте тиімді болып отырғанын өңір кәсіпкерлері де қуана айтты.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасына сәйкес тұрғындар өз мекенжайларын қайта жөндей алады. Қазақстанда мұндай үйлер көп. Оларды мемлекеттің көмегімен тұрғындар ретке келтіріп алса, жаңарған пәтерлердің бағасы да өседі. Яғни сол тұрғындардың өзі үшін қолайлы.

Бұдан кейін Президент «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» маңызына тоқталды.

«Оралдағы салынып жатқан білім ордасы - еліміздегі жетінші мектеп. Бұлардың қатары одан да көбейеді. Мұндағы мақсат - математика, физика, химия, биология және басқа пәндерді, үш тілді оқыту деңгейін көтеру. Осындай мектептер тәжірибесін басқа да білім ордаларына тарату. Сөйтіп дүниежүзілік талаптарға сай келетін жан-жақты білімді жас ұрпақты тәрбиелеп шығаруымыз керек. Талантты балалар да баршылық. Дегенмен табыстың 99 пайызы еңбекпен келетінін ұмытпауымыз қажет», - деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев сапарының соңында Мәншүк Мәметова ескерткіші жанында Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлерімен кездесті. Майдангерлер Мұхтар Әжіғұлов, Лидия Губановалар Елбасына ізгі тілектерін білдірді. Президент ардагерлерге бұдан былай да мемлекет тарапынан қамқорлық жасалатынын жеткізіп, оларға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі.

Соңғы жаңалықтар