Қазақстан құрамасы көк бөріден Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының күміс жүлдесін иеленді

АСТАНА. KAZINFORM — Финалда қазақстандықтар турнир қожайындары Қырғызстан құрамасына 0:12 есебімен жол берді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: Қазақстан құрамасы көк бөріден күміс жүлдесін жеңіп алды
Фото: видеодан алынғын скрин

Топтық кезеңде Қазақстан В тобында Тәжікстан және Венгрия құрамаларымен бірге өнер көрсетті. Ұлттық құрама алғашқы кездесуінде Тәжікстанды 16:3 есебімен сенімді жеңді.

Венгрия құрамасымен соңғы кездесу өткізілген жоқ. Еуропалық командаға 0:3 есебімен техникалық жеңіліс берілді. Қазақстан топта бірінші орын алып, финалға жолдама алды.

Чолпон-Атадағы «Көк бөрү» алаңында өткен шешуші кездесуде Қырғызстан құрамасы алғашқы минуттардан бастап басымдыққа ие болды. Бірінші тайм 4:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды. Екі салымды Нұржан Мелисбек уулу, тағы бір-бір салымды Қыяз Ниязов пен Байтегин Өмүрбеков орындады.

Екінші таймда қырғыз шабандоздары басымдығын сегіз ұпайға дейін жеткізді. Кездесудің қорытынды бөлігінде алаң иелері Қазақстан құрамасының тайқазанын тағы төрт рет дәл көздеді.

Қазақстандықтар бірде-бір нәтижелі лақтыру жасай алмады. Финалдың қорытынды есебі – 12:0, Қырғызстан құрамасының пайдасына.

Осылайша, Қырғызстан құрамасы алтын медаль, Қазақстан күміс жүлде иеленді. Қола жүлдені Ресей құрамасы жеңіп алды. Олар үшінші орын үшін өткен кездесуде Тәжікстанды 3:0 есебімен ұтты.

Қазақстан құрамасы көк бөріден Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын қатарынан үшінші рет күміс медальмен аяқтап отыр. 2022 жылы ұлттық құрама финалда Қырғызстанға 0:5 есебімен жол берсе, 2024 жылы Астанада өткен ойындарда сол қарсыласына 4:10 есебімен жеңілді.

Еске сала кетейік, кеше Қазақстан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында үш медаль жеңіп алды.