Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық қалай жүріп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елордада өтетін кезекті Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына орай абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары туралы айтты.

Жеңіс Қасымбек
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

«Бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық аясында көктемде жарыс өтетін орындарды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Шілдеде дайын болады деп жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, қоғамдық кеңістіктерді, атап айтқанда, «ЭКСПО» аумағындағы саябақ, Қабанбай батыр даңғылы (Сығанақ көшесінен «Қазанат» ипподромына дейін) және Д. Қонаев пен Достық көшесін ұзартуды жоспарлап отырмыз», - деді Жеңіс Қасымбек Үкімет отырысында. 

Қала әкімінің айтуынша, Астана аумағын көгалдандырудың тұжырымдамасы әзірленді. Ол екі бөліктен тұрады: қоғамдық кеңістіктерді дамыту және көгалдандыру. 

Еске сала кетсек, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қазақстанда өтеді. 

Айта кетейік, Астанада 8-14 қыркүйек аралығында өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 100-ден аса елдің спортшылары қатысады

Соңғы жаңалықтар