Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында үздік аспаздар бақ сынасады

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл Қырғызстанда өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында екінші рет «Әлем көшпенділерінің асханасы» халықаралық аспаздық байқауы ұйымдастырылады. Бұл туралы «Биринчи радионың» тікелей эфирінде байқау үйлестірушісі Элдияр Тентимишев мәлімдеді, деп Кабар жазды.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында үздік аспаздар бақ сынасады
Фото: Кабар

Оның айтуынша, бұл байқау алғаш рет 2018 жылы пилоттық жоба ретінде өткізілген.

Биылғы додаға 15 елден аспаздар қатысады. Әр мемлекеттен бір бас аспаз және оның көмекшісі келіп, барлығы шамамен 30 маман өзара бақ сынайды.

Байқау 2–5 қыркүйек аралығында өтеді. Қатысушылар көшпенділер тағамдарын заманауи үлгіде әзірлеп, ұсынады. Тағамдар тасқа қойылған қазандарда дайындалып, кейін қазылар алқасына қазіргі талапқа сай безендіріліп ұсынылады. Қазылар аспаздардың шеберлігін бағалап, үздіктерді анықтайды.

Байқау ережесіне сәйкес, қатысушылар үш түрлі ұлттық тағам әзірлейді. Бірінші күні – быжы, екінші күні – қуырдақ пісіреді. Ал үшінші күні жартылай финалда «Құпия жәшік» кезеңі өтеді. Бұл кезеңде барлық аспазға бірдей азық-түлік салынған жәшік беріледі. Олар сол өнімдерден өз қиялына сүйене отырып кез келген тағам дайындауы тиіс.

Байқауға Канада, Ұлыбритания, Молдова, Түркия, Сауд Арабиясы, Әзербайжан, Грузия, Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Моңғолия, Ресей және басқа да елдердің бас аспаздары қатысады.

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда 2026 жылғы 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтеді. Ашылу салтанаты елдің Тәуелсіздік күніне орай 31 тамызда Бішкектегі «Бішкек Арена» стадионында ұйымдастырылады. Ал негізгі спорттық және мәдени іс-шаралар Ыстықкөл облысында өтеді. Биылғы ойындарға әлемнің 90-нан астам елінен 3 мыңнан астам спортшы қатысады деп күтіледі.

Айта кетейік, Қырғызстан Республикасы Министрлер Кабинеті төрағасының орынбасары Ұлан Маматканов Ойындардың 31 тамызда – Қырғызстан Республикасының Тәуелсіздік күнінде ашылатынын хабарлады.