Дүниежүзілік ойындар: Жауынгерлік самбодан екі отандасымыз чемпиондыққа таласады
АСТАНА. KAZINFORM - Қытайдың Чэнду қаласында өтіп жатқан XII Дүниежүзілік ойындарында жауынгерлік самбодан жартылай финалдық бәсеке аяқталды.

Спортты дамыту дирекциясының мәлімдеуінше, 64 келідегі Маратбек Рахметоллин 1/2 финалда әлем чемпионатының бірнеше мәрте жүлдегері, Қырғызстан спортшысы Саяк Баракановтан айласын асырып, ақтық финалға жолдама алды. Есеп: 4:2.
80 келідегі Ұлбосын Әділова 1/2 финалда Филиппин өкілі Яп Ейселин Агнесті 2:0 есебімен сенімді түрде жеңді.
Ал, 54 келідегі Құралай Қабрайқызы кешкі сессияда қола жүлде үшін Акак Усон қызымен (Қырғызстан) таласады.
Финалдық кездесулер Астана уақытымен 16:00-де басталады.
Айта кетейік, отандастарымыз аталған жарысқа 1993 жылдан бері қатысып келеді.
Қазақстандық спортшылар 2022 жылы АҚШ-тың Алабама штатының Бирмингем қаласында 1 алтын, 2 күміс, 1 қола медальмен жоғары көрсеткішке қол жеткізді.
Биыл жарыс 34 спорт түрінен өтіп, 253 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Айтулы додаға 17 тамызға дейін 114 елден 4 000 спортшы қатыспақ.
Еске салайық, Қытайдағы Дүниежүзілік ойындар кезінде италиялық спортшы қайтыс болды.