Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні: Алдағы онжылдықта ол пандемия тарихқа енуі керек
АСТАНА. KAZINFORM – 2030 жылға қарай әлемде ЖИТС пандемиясын тоқтатуға болады. Бұл үшін көшбасшылар ресурстар көлемін, әсіресе АИТВ инфекциясының алдын алу бойынша қаржыландыруды арттыруы керек. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросының директоры доктор Ханс Клюге және Еуропалық өңірлік бюроның инфекциялық аурулар, қоршаған орта және денсаулық бөлімінің директоры Робб Батлер 1 желтоқсан — бүкіләлемдік ЖИТС-пен күрес күні қарсаңында мәлімдеді.

Қазіргі ахуал қандай?
«Неліктен барлық күш-жігерге қарамастан адамдар ЖИТС-тен көз жұмуда? Бұл сұрақтың жауабы бір уақытта әрі қарапайым әрі өкінішті: оның себебі медицинада емес. Біздің өңірде ғана емес, бүкіл әлемде АИТВ/ЖИТС-пен күрестегі ең үлкен кедергілер саяси сипатта болып отыр. Дәлірек айтқанда, шектейтін және төзімсіз орта, алалау, дискриминация, АИТВ жұқтыруды қылмыстық іс деп тану, сондай-ақ ғылыми негізделген және ұсынылған шараларды жүйесіз қолдану. Қазір ЖИТС-ті түбегейлі жою үшін барлық дәрі-дәрмек, құралдар мен технологиялар қолымызда бар. Бүгінде АИТВ-ға оң нәтиженің шығуы – өлім жазасы емес», - дейді мамандар.
Антиретровирустық терапияның да айтарлықтай жетілуі АИТВ жұқтырған адамдарға, әсіресе ауру ерте анықталып, олар вирусқа қарсы препараттарды үзбей қабылдаған жағдайда, дені сау және ұзақ өмір сүруге мүмкіндік береді.

«Шынында да, қазір көптеген адам бұрын-соңды болмаған өмірлік маңызды дәрі-дәрмектерге қол жеткізуде. Жаңа диагностикалық алгоритмдер диагнозды бір күнде қоюға мүмкіндік береді. Тесттерді жергілікті қауымдастықтарда немесе үй жағдайында жүргізуге болады. Сонымен қатар, алдын алудың өте тиімді әдістері де бар екенін ұмытпаған жөн. Мысалы, байланысқа дейінгі профилактика жүргізу және ең маңыздысы, мүшеқап қолдану. АИТВ-мен күрес құралдарының арсеналы кеңейіп келеді, бірақ прогресс әлі де біркелкі емес және әртүрлі деңгейде болып отыр. Профилактика, тестілеу және емдеу барлық мұқтаж адамдарды толық қамти алмай отыр. Мұны сандарға қарап оңай түсінуге болады», - дейді спикерлер.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДCҰ) Еуропа өңірінде, яғни Еуропа мен Орталық Азияның 53 елін біріктіретін аймақта 2024 жылы жаңа АИТВ инфекциясының жұқтыру жағдайлары 2010 жылмен салыстырғанда 7%-ға артты. Бұл өңірде АИТВ-ге оң нәтиже көрсеткен әр екінші адамға диагноз кеш қойылады.
Шығыс Еуропа мен Орталық Азияда АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың жартысы әлі де антиретровирустық терапия (АРТ) алмайды, ал АИТВ-мен өмір сүретіндердің тек 42% ғана вирусқа қарсы супрессияға жетеді, бұл вирустың басқа адамдарға берілуін тоқтату дегенді білдіреді.
АИТВ-ге қарсы шаралар саясиланбауы керек
ДДСҰ өкілдерінің айтуынша, ЖИТС-ті біржола жою үшін шешілуі қиын мәселелерді еңсеріп, әрекетке көшу қажет. Біріншіден, мемлекеттер АИТВ-ге қарсы шараларды саясиландыруды тоқтатуы керек.
«Еуропа мен Орталық Азияда көптеген елдер әлі күнге дейін осал топтарға және жалпы АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қатысты дискриминациялық әрі кері бағыттағы тәсілдерді ұстануда. Кейбір елдер бұл мәселені шешуде баяу болса да алға жылжыса, басқалары реакциялық саяси үрдістер мен модельдер салдарынан кері кетті. АИТВ-ге қатысты алалау әрбір елде және әрбір қоғамда белгілі бір деңгейде проблема болып қала береді. Бізге АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға жазалау шаралары емес, қамқорлыққа негізделген саясат қажет. Медициналық мекемелерде де, қоғамда да АИТВ жұқтыру қаупі бар, АИТВ-мен өмір сүретін немесе осы мәселеден зардап шеккен адамдарға мейіріммен және құрметпен қарауымыз керек», - дейді олар.
Қоғамда тестілеу процесін қалыпты ету және қызметтерге қолжетімділікті жеңілдету үшін адамдардың кім екеніне немесе қай жерде тұрғанына қарамастан, қауіпсіз кеңістік құру қажет.
Ақыр соңында, науқастарды алалауға қарсы ең мықты қару – ағартушылық пен қоғамды ақпараттандыру болып қала береді. Бұл жасөспірімдердің жасына сәйкес жанашырлық, өмір сүру және сүю негіздерін қалыптастыратын жан-жақты жыныстық тәрбие беруді де қамтиды.
ЖИТС пандемиясын тоқтатуға болады
Сондай-ақ, мемлекеттер мен даму бойынша серіктестер АИТВ-мен күрес шараларына инвестиция салып, жаңа әзірлемелер мен инновацияларды пайдалану мүмкіндіктерін жасауға ұмтылуы керек.
Биылғы шілде айында ЮНЭЙДС егер көшбасшылар ресурстар көлемін, әсіресе АИТВ инфекциясының алдын алу бойынша қаржыландыруды арттырса, 2030 жылға қарай ЖИТС-тің жаһандық пандемиясын тоқтатуға болатынын мәлімдеді. Комбинацияланған профилактика тәсілдеріне басымдық беру арқылы біз жаңа жұқтырулар санын азайтуға болады.

ДДСҰ Еуропа өңірінде «95–95–95» мақсатына қол жеткізу үшін күш-жігерді бәсеңдетпеу қажет. Бұл мақсатты ЮНЭЙДС 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму мақсаттарына жету көрсеткіші ретінде әзірлеген және оның нәтижесінде АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың 95% өздерінің статусын білуі керек, АИТВ диагнозы қойылған адамдардың 95% тұрақты антиретровирустық терапия алып, 95% вирусқа қарсы супрессияға жетуі керек.
«Ескі құралдар мен әдістерді, мысалы, жыныстық қатынасқа түспеуді үгіттеу немесе тек қана презервативтерді қолдануды ұсыну арқылы 40 жылға созылған эпидемияны жеңе алмаймыз. Бізде жаңа шешімдер бар – байланысқа дейінгі профилактика, өзін-өзі тестілеу және антиретровирустық терапияның жаңа үлгісі. Тек жаңаша әрекет етіп қана алға жылжи аламыз», - дейді мамандар.
ЖИТС-тен қайтыс болу тек тарих оқулықтарында қалуы керек
Сонымен бірге, адамдарға ақпарат беріп, профилактика, тестілеу және емдеу қызметтерін ұсыну қажет. АИТВ инфекциясының көптеген диагнозы тым кеш қойылатыны да тестілеу стратегияларын өзгерту және адамдармен ерте жұмыс бастау қажеттігін көрсетеді.
«Әрбір ерте қойылған диагноз ауыр кесел мен вирустың әрі қарай таралуын болдырмауға көмектеседі. Бұл әсіресе негізгі топтардың ақпарат алып, профилактикадан өту және тестілеуді қауіпсіз жағдайда жасау мүмкіндігіне сенімді болуы қажет дегенді білдіреді. Алайда шындықтың тағы бір жағы – АИТВ-ге байланысты алалау мен дискриминацияның ең ауыр көріністері көбінесе медициналық мекемелердегі қызметкерлер арасында байқалады. Бұл адамдарды үркітіп, оларды өмірлік маңызды қызметтер алуына кедергі жасайды. Біз ақпараттық науқандардың осы терең қалыптасқан қате түсініктерге қарсы тұруын қамтамасыз етуіміз керек», - деп ұсынды спикерлер.

Түптеп келгенде АИТВ алдын алу, емдеу және медициналық көмекке қолжетімділік адамның денсаулыққа құқығын жүзеге асырудың бір бөлігі саналады. Әр адам қажеттілік туындаған кезде және өзіне қолайлы жерде бұл қызметтерді пайдалана алуы керек.
2025 жылдың басында ДДСҰ Еуропа өңірлік бюросы Еуропа өңіріндегі елдермен консультациялар өткізеді. Бұл кездесулер «95» мақсатына қол жеткізу бойынша бірлескен күш-жігерге арналады. АТИТВ/ЖИТС-пен күреске бағытталған тұрақты күш-жігер оқшауланып қалмай, инфекциялық аурулармен, соның ішінде жыныстық жолмен берілетін басқа инфекциялармен күрес шараларымен кеңінен біріктірілуі тиіс.
«Қоғамдық денсаулық сақтау саласында біз климаттың өзгеруі мен антибиотиктерге төзімділіктің артуы сияқты көптеген дағдарыс жағдайларымен бетпе-бет келіп отырмыз. Бұл үлкен әрі күрделі мәселелер, оларды шешудің қарапайым жолы жоқ. Ал АИТВ мәселесінде біз нақты не істеу керектігін жақсы білеміз. Бірақ бізде АИТВ-мен күресте күш-жігерді екі есе арттыруға, денсаулық сақтау саласындағы алалауды жоюға, диагностика мен терапияға тиімді инвестициялауға, негізгі топтарды қамтуды жақсартып, оларды қажетті медициналық көмек континуумына қосуға қажетті саяси ерік бар ма? Алдағы онжылдықта ЖИТС пандемиясы тарихқа айналуы керек, болашақ ұрпақ бұл мәселенің шешіміне алаңдамауы керек. Біздің өңірімізде және бүкіл әлемде «Неліктен адамдар әлі күнге дейін ЖИТС-тен қайтыс болып жатыр?», деген сұрақ АИТВ сияқты тек тарих оқулықтарында қалуы керек», - дейді ДДСҰ өкілдері.