Дүрбелеңнің аяқталар түрі жоқ - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 30 қаңтар, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

Дүрбелеңнің аяқталар түрі жоқ - баспасөзге шолу

***

Бүгінгі санында «Егемен Қазақстан» басылымы халықаралық саяси және экономикалық елеулі оқиғаларды ой елегінен өткізуге мүмкіндік беретін сараптамалық материал жариялады.

«Өткен аптада Еуропа мен АҚШ-та, Ресейде әлемдік экономикалық дағдарыс аясында бірқатар оқиғалар болып өтті. Олардың барысы әлемнің алып елдерінде дағдарыс бұлтының көп сейіле қоймағандығын көрсетіп берді. Әсіресе, Еуропада жағдай осылай болып отыр. Грекия еуроаймақтан шыға ма, шықпай ма деген мәселенің басы ашық қалып келеді. Сонымен қатар, әлемнің кейбір ірі компаниялары жаңа табыстарға қол артып жатса, енді бір компаниялар өз қызметкерлерінің санын қысқарта түсуде. Мұнай бағасының қай бағытқа қарай құбылатындығы да белгісіз болып отыр», - деп жазылған «Дүрбелеңнің аяқталар түрі жоқ» атты мақалада.

Сарапшылардың бағалауынша, мұнай бағасы 2014 жылдың маусым айынан бері 60 пайызға арзандаған. Осыған байланысты Goldman Sachs инвестициялық банкінің президенті Гэри Кона ол баға одан әрі құлдырап, 30 долларға дейін жетуі мүмкін деп болжамын айтқан. «Мұнай бағасы әлі де ұзақ уақыттар бойы төмендей беруі мүмкін», деп мәлімдеді ол CNBC телеарнасына берген сұхбатында.

«Алайда, сарапшылардың барлығы бірдей инвестициялық банк басшысының болжамымен келісе қоймайтын секілді. Тіпті, бұған кереғар пікірлер де жоқ емес. Өйткені, осының алдында ғана Мұнай экспорттаушы елдер ұйымының (ОПЕК) бас хатшысы Абдалла әл-Бадри қазіргі күндері мұнай бағасы өзінің құлдырау шегіне дейін жетті деген пікірін білдіріп, мұнан кейінгі кезеңдерде ол енді өсе беретіндігін, тіпті 200 долларға дейін шарықтап кетуі де ғажап емес екендігін мәлімдеген болатын», - деп жазады «Егемен Қазақстан».

Бас басылым тарихи деректерді түгендеуді жалғастырып келеді. Тарихтың қойнауына кеткен оқиғаларды қаузайтын мақалалар сериясы бүгін де жалғасын тапты. Бұл жолы газет 1510 жылы қыс айларында Ұлытау маңында Қасым хан мен оның сол кездегі басты қарсыласы - Мұхаммед Шайбани хан арасында өткен ұрыс туралы деректер келтіруде. Ол оқиға қазақ үшін үлкен тарихи маңызға ие. Себебі бұл ұрыста кім жеңіске жетсе, сол бүкіл Дешті Қыпшаққа иелік етуші еді.

«Ұлытау шайқасы - 1505-1510 жылдар аралығында Қазақ хандығы мен Мауереннахрдағы шибанилық әулет әскерлерінің арасындағы соғыс барысында болған шайқастардың бірі және соңғысы. Ол 1510 жылы қыс айларында Ұлытауда Қасым хан басқарған қазақ әскері мен Мауереннахрдағы шибанилық әулеттің негізін салушы, Әбілқайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбани хан әскерінің арасында өтеді. Шайбани хан үшін шайқастың мақсаты Қазақ хандығын толығымен бағындыру болды. Қасым ханның қолданған әскери әдіс-тәсілі арқасында жау әскері тас-талқан болып жеңіледі. Осы шайқастан кейін Қасым хан бүкіл қазақтың билеушісіне айналып, оның он жылға созылған хандықты басқару кезеңі басталады. Қазақ хандығы сол ғасырда өзінің ең шырқау шегіне, Қасым ханның билік құрған жылдарына әкеледі. Ал Мұхаммед Шайбани ханның осы жеңілістен кейін жолы болмай, сол жылдың аяғында Мерв қаласы түбінде қаза табады», - делінген мақалада.

***

«Айқын» басылымының «Сот сергелдеңі сирейді» атты мақаласында Қазақстандағы сот жүйесінің реформалары туралы баяндалады.

«Кезінде қазақ билерінің әділдігі өз жұртымызға ғана емес, айналадағы өзге елдерге аңыз болып тараған. Қазақ әдет-ғұрпын зерттеген Левшин, Баллюзек, Козлов «қазақтың билер соты - нағыз бітім мен келісім соты» деп таңғала жазған. Ғалым Күлтелеев өзінің «Уголовное обычное право казахов» деген кітабында Ресейдің 120 мың шаруасының өз дауларын шешу үшін қазақ билеріне жүгінгенін айтады. Олар осылай өз еліндегі сот бюрократиясынан қашқан. Ал қазақ сотындағы қазіргі жағдай қандай? Бұл мәселе кеше ел Парламентінде жан-жақты талқыланды», - деп жазады «Айқын».

2014 жылы соттарға 750 мың талап-арыздар түскен екен. Әр іс бойынша қос тараптан кемінде 2 адам болса, демек, Қазақстанда шамамен 1,5 миллион адам сот әуресіне салынған.

«Енді мемлекет осы шектен тыс салмақтан құтылмақ. Ол үшін дауды сотқа дейінгі реттеу тетіктері күшейтіледі. Ол ол ма, тіпті кейбір істер бойынша «дауды сотқа дейінгі тәртіппен реттеуге бағытталған шаралар қабылданбаса», бұл судьяның ондай талап-арызды қараусыз қалдыруына негіз болып табылады», - делінген аталған мақалада.

***

Астанада неке «жеңгетайларының» қызметі танымалдылыққа ие болып келеді, деп жазады «Экспресс К» басылымы.

«Қолдан келер не шара: қауырт жұмыстардан уақыттары тығыз мегаполис адамдары кәсіби «жеңгетайларға» хабарласуға мәжбүр. Неке агенттіктерінің клиенттерін негізінен кәсіби мансабын жайғастырам деп жүріп, «кәрі қыз» атанып кеткен әйелдер құрайды екен. Кәсіби «жеңгетай» Гүлжанның айтуынша, бизнес-леди барлық нұсқаларды қарастыруға дайын көрінеді. Ал ер адамдар көп ретте талғампаз келеді. Толығырақ, «Где браки зимуют?» атты мақаладан оқи аласыздар.