Дуров: Telegram Еуропалық Одақ заңын бұзды деу— әділетсіздік
АСТАНА. KAZINFORM – Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров өткен жазда Францияда ұсталғаннан кейін Telegram Еуропалық Одақ заңдарына бағына бастады деген мәлімдемені жоққа шығаратынын Telegram-арнаға жазды.

Өзінің Telegram-арнасында жариялаған хабарламасында Дуров француз газетінің бұл мәлімдемесін «жалған» деп атады.
— Кеше бір француз газеті менің былтыр жазда Францияда ұсталғаным Telegram-ды ақыры Еуропа ережелерін сақтауға мәжбүр етті деп жазды. Бұл — жалған. Себебі Telegram әрдайым Еуроодақ заңдарын сақтап келеді, Telegram-ның Еуропа заңдарын бұзды деу — әділетсіздік, — деп жазды ол.
Павел Дуровтың айтуынша, онымен байланысудың заңды жолдары ол ұсталмай тұрып-ақ қосымша мен ресми сайтта не болмаса жай ғана Google іздеу жүйесінде ‘telegram EU police’ деп терсе шығатын болған.
— Франция соттары мен полициясы ЕО заңдарында нақты көрсетілген осы ресми механизмді неге елемегені бізге түсініксіз. Бірақ Telegram-ның Еуропа заңдарын бұзды деу — әділетсіз. Қызығы, сол заңдарды елемеген — француз құқық қорғау органдарының өзі, — деді Дуров.
Сондай-ақ ол жалған ақпараттың таралуына қарсы екенін айтты.
— Мен Францияны жақсы көремін, оның полициясын құрметтеймін, сондықтан бұл туралы айтып, ешкімді ыңғайсыз жағдайға қалдырғым келмеді. Бірақ Telegram жайлы мұндай ашық жалған сөздерді де елеусіз қалдыра алмаймын, — деді ол.
Дуровтың айтуынша, компания заң талаптарын орындауға тұрақты түрде инвестиция салып келеді:
— Әсіресе ЕО-да біз заң күшіне енбей тұрып, жыл бұрын олардың орындалуына дайындала бастаймыз, — делінген жазбада.
Еске салайық, 2024 жылғы тамызда Павел Дуров Парижде ұсталып, төрт күн қамауда болып, сот алдында жауап берді.
Француз билігі Telegram-ды 12 түрлі құқықбұзушылыққа барды деген күдікпен тергеді.
Ұсталғаннан кейінгі алғашқы мәлімдемесінде Дуров Telegram-ның БАҚ-тағы бейнесі «шынайылыққа мүлде сәйкес келмейді» деп айтқан болатын.