Душанбе әуежайы жылына 5 миллион жолаушыға дейін қабылдайтын болады
АСТАНА. KAZINFORM – Тәжікстан астанасындағы Душанбе халықаралық әуежайы жаңа терминал пайдалануға берілгеннен кейін жылына 5 миллион жолаушыға дейін қабылдай алады. Бұл туралы агенттіктің меншікті тілшісі хабарлайды.
Баспасөз мәслихатында «Душанбе халықаралық әуежайы» ААҚ бас директоры Зайнулло Шарифзода ішкі әуе рейстеріне арналған ескі терминалдың орнына жаңа терминал салынатынын мәлімдеді.
– Жаңа терминал жылына шамамен 3 миллион жолаушыға қызмет көрсете алады. Ол халықаралық терминалмен бірге әуежайдың жалпы өткізу қуатын жылына 5 миллион жолаушыға дейін арттыруға мүмкіндік береді, – деді ол.
Оның айтуынша, жобалау жұмыстары аяқталған, құрылыс жақын арада басталады. Жаңа нысанды екі жыл ішінде пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Тәжікстанда Starlink спутниктік интернет іске қосылды.