Душанбеде қазақстандық бітімгерлерге арналған естелік бұрышы ашылды
АСТАНА. KAZINFORM — Тәжікстан астанасында ТМД-ның оңтүстік шекараларын тәжік-ауған шекарасында қорғауға қатысқан қазақстандық бітімгерлерге арналған естелік бұрышының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Душанбедегі меншікті тілшісі.
Іс-шара 1990-жылдары Тәжікстанда бейбітшілік пен конституциялық құрылысты қалпына келтіруге қазақстандық әскери қызметшілердің қосқан үлесіне арналған ғылыми-танымдық конференция аясында ұйымдастырылды.
Шараға Қазақстан елшілігінің өкілдері, Қазақстан мен Тәжікстанның интернационалист-жауынгерлер қоғамдық ұйымдарының мүшелері, Тәжікстанның Шекара қызметі мен Ішкі істер министрлігінің басшылығы және ардагерлері қатысты. Жиналғандар қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Құттықтау сөзінде Қазақстанның Тәжікстандағы елшісі Уәлихан Төреханов бауырлас тәжік халқына көмек көрсеткен қазақстандық бітімгерлердің ерлігін ұмытпай, олардың рухына құрмет көрсетіп жүрген ардагерлер қозғалыстарына алғыс айтты.
— Сол бір қиын кезеңде сіздер ортақ шекарамызды бірге қорғап, жаңа бейбіт өмірді бірге қалыптастырдыңыздар. Осы естелік ұрпақтан ұрпаққа беріліп, халықтарымыздың бейбітшілігі, қауіпсіздігі мен әл-ауқаты жолында сақталуы үшін майдандас достарыңызбен жиі кездесіп тұруға шақырамын, — деді дипломат.
Оқиғалардың куәгері, Тәжікстан Шекара әскерлері төрағасының бұрынғы орынбасары, генерал-лейтенант Сафарали Сайфуллоев қазақстандық біріккен батальонның алғашқы құрамын қалай қарсы алғанын еске алды.
— Қазақстандық әскери қызметшілер күзеткен шекара учаскесі ең күрделі аймақтардың бірі болды — айнала жартастар, тасты жер, бірде-бір ағаш жоқ. Осындай жағдайда блиндаждар, траншеялар мен жеке құрамға арналған лагерь салынды. Осындай қиын жағдайда Қазбат жауынгерлері ерлікпен қызмет атқарды, — деді ол.
Қазақстандық бітімгерлерге арналған жылы лебіздер Тәжікстанның Шекара әскерлері ардагерлері одағы мен Қорғаныс министрлігі өкілдерінің тарапынан да айтылды. Олар бауырлас мемлекеттің тәуелсіздігі жолында қаза тапқан сарбаздардың батырлығы мен ерлігін ерекше атап өтті.
— Қазақстандық шекарашылар өздерінің тікелей міндеттерінен бөлек, жергілікті тұрғындарға тұрмыстық мәселелерді шешуде де риясыз көмек көрсетті. Өз кезегінде жергілікті халық қазақстандықтарға ерекше ілтипат танытып, Пяндж өзенінің арғы бетінен болуы мүмкін арандатулар туралы ескертіп отырған. Ауыл тұрғындары оларды қадірлі қонақ ретінде тойларға, бала туу қуаныштарына және басқа да мерекелік шараларға шақыратын. Бір сөзбен айтқанда, қазақ бауырларымыз әрдайым төрден орын алған қадірлі қонақ болды. Олардың рухы жүрегімізде мәңгі сақталады, — деді Тәжікстан қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Асрор Латифзода.
1993 жылдың қаңтарында ТМД мемлекеттері басшылары тәжік-ауған шекарасын заңсыз қарулы топтардан бірлесіп қорғау туралы келісімге қол қойған болатын. Сегіз жыл ішінде 10 мыңнан астам қазақстандық сарбаз бен офицер ТМД-ның оңтүстік шебін қорғады.
1995 жылдың сәуірінде Дарваз ауданындағы Пшихавар шатқалында қазақстандық 7-ші біріккен рота тұтқиылдан жасалған шабуылға ұшырап, бес сағатқа созылған шайқас нәтижесінде 17 әскери қызметші қаза тауып, ондаған адам жараланған. Қаза тапқан бес жауынгер II дәрежелі «Айбын» орденімен, тағы он екі әскери қызметші «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Қазақстандық жауынгерлердің ерлігіне тағзым ретінде 2007 жылы Душанбедегі Фирдауси атындағы саябақта және 2019 жылы Дарваздағы қаза тапқан сарбаздар қызмет еткен жерде ескерткіш мемориалдық тақталар орнатылды. Бүгінде адамдар бұл жерлерге жыл сайын гүл шоқтарын қойып, батырларды еске алады.
Айта кетелік Қазақстандық бітімгерлер Голан жоталарында 90-нан астам тұрғынға медициналық көмек көрсетті.