Дүзен кесенесі

Дүзен кесенесі - Орталық Қазақстанда 19 ғасырда салынған ғұрыптық ескерткіш. Қарағанды облысының Ұлытау ауданындағы Қаракеңгір өзенінің оң жақ жағалауындағы Қарақұдық сайында орналасқан. Дүзен кесенесі Алашахан мен Жошыхан күмбезінің үлгісінде салынған. Ескерткіштің негізгі аумағы төрт бұрышты. Кейбір еңбектерде ғимаратты Қарамола, Жузден, Дзен, Джузден деп қате жазып жүр.

Дүзен кесенесі

Дүзен - Сандыбай батырдың үлкен ұлы.  Қоқан -  Жырық -  Байназар болысының биі болған.  1840 жылы Анна лентасындағы медальмен марапатталған. Жанұлы Сандыбай немересі әкесі қайтыс болғаннан кейін Алашахан мазарын көріп, дәл сондай күмбез салатын адам іздеген. Кесенені халық шебері Сералы қожа Еламанұлы Дүзен Сандыбайұлының қабірінің басына тұрғызған. 1863 жылы Ұлытау өңірінде Дүзен Сандыбайұлына ас берудің жобасын жасауға күллі Бағаналы елінің игі-жақсылары жиналып тек осы жиынның өзіне 50 жылқы, 100 қой сойылған. Сералы қожа қырық жігітпен бір мың кірпіш құйып, күзгі жаңбырда кірпіші ағып кетіп, шығынға шыққан. Жанұлы мырза әйтеуір салдырамын деген ниетпен 22 қос атпен, жанына 10 жігіт қосып Сералы  қожаны Түркістанға жібереді. Сералы қожа Еламанұлы қыстай Түркістанда кірпіш күйдіріп, оны қалауды үйреніп, жазда еліне оралады. Қасына 60 жігіт жалдап, кесенені 1863 жылы бастап, 1866 жылы бітіреді. Кесенені сол жерден 25 шақырымдағы Алашахан күмбезіне ұқсатып салу үшін әр бір шақырым сайын аттылы адамды қойып,  олар әр кірпіштің қалай қалануы керектігін айтып тұрған.  

Дүзен кесенесінің негізгі көлемі күрделі пештақты-күмбезді текшеленген құрылыс болып есептеледі.  Дүзен кесенесі порталды - куполды құрылысқа да жатады. Кірпіштердің қалауы қалың лаймен біріктірілген. Құрлыс материалы сол жердің өзінде дайындалған. Ғимараттың бүрмеленген күмбезі 10 қырлы мойындықпен көтерілген. Ал іргесінің сыртқы өлшемі 8,5x10,2 метр, ішкі өлшемі 5,4x5,4 метр. Кірпіштері (26х26х6 см) қалың майбалшық ерітіндісімен өрілген. Пештақтың жалпы биіктігі 10 метр. Бас қасбетінде есік ойығы (1,70x0,77м) алдында бел-арқалы қуысы бар. Оның айналасы үш жолақты жақтаумен қоршалған. Ортадағы жолақ шаршы өрнектеліп ойылған тақтайша кірпішпен әрленген. Ал қалған үш қасбетінің қабырғасы «ромб» пішінді қалаумен өрілген. Қасбеттерінің жоғары жиектерінде биіктігі 60 см дөдегесі бар. Дөдегенің шаршы қалыпты тақтайшалары сегіз қырлы жұлдызбен оюланып, үстінен көк түсті жыланкөз шыңылтырмен көмкерілген. Дөдегеден жоғарғы екі қатар қалауы тіс тәрізді әдіспен өріліп, ең шетін бұғат жиектеп шыққан. Ғимараттың оңтүстік-батыс жағындағы ішкі бұрыштан төбеге саты арқылы шығады. Ол тар галерея (1,8x1,6 м) тәрізді қабырғаларды айнала бойлап барып, пештақтың үстіндегі шағын алаңға және әрі төбе жабынның үстіне шығарады. Дүзен кесенесінің еденінде шаршы тақташа  кірпіш төселген. Бүрмелі күмбездің ұшар басында бір-бірімен қиылыса орнатылған ағаш діңгектері бар.

 Құрылысшылардың жіберген қателігінен ескерткіш бұл күнде бұзылуы мүмкін, өйткені мазар іргетассыз қаланған. Дүзен кесенесіне қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмеген, тіреулермен тірелген қалпында сақталған.

Дерек көзі:

Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 3 том

США запускают «Проект Свобода» для вывода застрявших судов из Ормузского пролива
Ұқсас жаңалықтар

АҚШ Ормуз бұғазында тұрып қалған кемелерді шығару үшін «Бостандық жобасын» іске қосты