DVD-дискілерді заңсыз жасап сатқан қылмыстық топ ұсталды

АСТАНА. 25 қазан. ҚазАқпарат - ҚР Қаржы полициясының Қарағанды облыстық департаменті екі жыл бойы DVD-дискілерді заңсыз шығарған жасырын цехті анықтады. Оған иелік еткен ұйымдасқан қылмыстық топ өз «өнімін» бүкіл облысқа таратып келген.

DVD-дискілерді заңсыз жасап сатқан қылмыстық топ ұсталды

Жасырын цех пәтердің бірінде жұмыс істеп келген. Онда 5 мыңға жуық контрафактілік дискілер, 5 түрлі түсті принтер және 9 DVD жазатын құрал-жабдық тәркіленді. Ал қылмыстық топтың әрбір мүшесі өздеріне тиесілі міндеттерін бөліп алған. Біріншісі заңсыз тауарды жасап отырса, екіншісі оны тиісті сауда орындарына жеткізумен айналысқан. Қазіргі кезде ондай 7 сауда орны анықталып отыр. Бүгінде ұйымдасқан қылмыстық топтың 3 мүшесіне қатысты контрафактілік өнімді әзірлеумен айналысатын жасырын цехты ашқаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ қылмыстық топтың ұйымдастырушысына қатысты ұйымдасқан қылмыстық топты құру және басшылық ету фактісі бойынша айып тағылып отыр. Сот санкциясымен айыпты болған азаматтардың біреуі қамауға алынды.