Джеймс Бондтың £900-ға алынған көлігі реставрациядан кейін £1 млн деп бағаланды
АСТАНА. KAZINFORM — Бұл модель Джеймс Бонд қолданған көліктердің бірі ретінде танымал, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Британдық супершпион жақсы көретін Aston Martin DB5 алғаш рет 1964 жылғы «Голдфингер» фильмінде Джеймс Бондтың басқаруында пайда болып, содан бері бондиананың ең танымал белгілерінің біріне айналды.
Дәнекерлеуші және автосервис иесі — 71 жастағы Джон Уильямс бұл модельді алғаш рет жас кезінде көрген және оған қызыққаны соншалықты 1973 жылы қолма-қол £900 жинап (бүгінгі күнмен есептегенде шамамен £15 мың), өзі тұрып жатқан Уэльстен Лондонға жолға шыққан.
Он тоғыз жасар жігіт 1965 жылғы сирек Vantage қозғалтқышы бар күміс түсті DB5 моделін өз көзімен көру үшін бірнеше сағат жол жүрген. Дәл осындай көлікті Шон Коннери мінген.
Уильямс сатып алған көлігімен үйіне аман-есен оралып, оны төрт жылдан астам уақыт бойы күнделікті көлігі ретінде қолданған. Алайда 1977 жылы Таяу Шығыста жұмыс тапқаннан кейін көлікті ұзақ мерзімге сақтауға қойды. Осылайша спорткар жарты ғасыр бойы қозғалыссыз тұрып, тозып кеткен.
— Уақыт өте келе мен өзіме оны қалпына келтіріп, қайтадан рөлге отырам деген мақсат қойдым. Гаражда жұмыс істейтін адам ретінде оның осыншалық күйге түскеніне ұялдым. Мен оны сатып алу үшін көп еңбектендім, ал оны қайта қалпына келтіру үшін де дәл сондай қажырлы еңбек еттік, — дейді Уильямс.
Арманындағы көлікті қайта қалпына келтіру үшін ол Ньюпорт-Пагнелл қаласындағы Aston Martin Works инженерлеріне жүгінді — дәл осы жерде соңғы жарты ғасырда брендтің 13 мыңнан астам аңызға айналған спорткары жасалған. Реставрация 2022 жылдың соңында басталды.
1963–1965 жылдары шығарылған 1 022 DB5 көлігінің ішінде небәрі 39-ы күміс түсте, қуаты күшейтілген Vantage нұсқасында жасалған және рөлі оң жақта дәл Уильямстың көлігі сияқты болған. Бұл оны бондиана жанкүйерлері арасында ең сирек әрі сұранысы жоғары модельдердің біріне айналдырады.
Көліктің өте нашар күйде келгеніне қарамастан, шанақ, бояу, интерьер және тарихи қалпына келтіру бөлімдерінің шеберлері оны 2,5 мың сағаттан астам уақыт бойы жөндеп, оны түгелдей жаңартты. Енді Aston Martin DB5 мінсіз күйге келген.
— Мұндай көліктің бағасын ашық айту ыңғайсыз болуы мүмкін, бірақ оның тарихы мен ерекшеліктерін ескерсек, бір күні сатылса, құны £1 млн-ға дейін баруы мүмкін, — дейді Aston Martin Works басшысы Пол Спайерс.
Бұған дейін Жаңа Зеландия тұрғыны 19 000 доллар тұратын Фаберже жұмыртқасын жұтып қойғаны хабарланған еді. Шектеулі сериядағы бұл кулон Джеймс Бонд туралы «Осьминожка» фильмі сюжетіне негізделіп жасалған, онда құнды әшекейлер қолдан жасалған жұмыртқа арқылы контрабандаланады.