Джонни Депптің $3,6 млн-ға сатып алған жеке аралы туралы қызықты дерек тарады

АСТАНА. KAZINFORM — Голливуд актері Джонни Депп 2004 жылы «Кариб теңізінің қарақшылары» фильмін түсіру кезінде Багам аралдарынан 3,6 миллион долларға жеке арал сатып алған. Бұл туралы The Times of India жазды.

Джонни Депптің $3,6 млн-ға сатып алған жеке аралы туралы қызықты дерек тарады
Фото: elledecoration.ru

Джонни Дептің Багам аралындағы жеке аралы туралы қызықты дерек қайта назарға ілікті.
Актер Багам аралдарындағы Little Hall's Pond Cay аралын 3,6 миллион долларға сатып алған. Аралдың аумағы шамамен 45 акрды құрайды және ол Эксума архипелагында орналасқан.

Депп аралға «Кариб теңізінің қарақшылары» фильмінің түсірілімі кезінде барған. Актер кейін аралдың табиғаты мен тыныштығына бірден ғашық болғанын айтқан.

Аралда бірнеше жеке жағажай бар. Депп олардың кейбірін өзіне жақын адамдардың құрметіне атаған. Олардың қатарында балалары Лили-Роуз бен Джекке, актер Марлон Брандоға және жазушы Хантер С. Томпсонға арналған атаулар бар.

The Times of India мәліметінше, аралдағы ғимараттар экологиялық талаптарға сай жабдықталған, оның ішінде күн энергиясы жүйелері де бар.

Айта кетейік, «Кариб теңізінің қарақшылары» фильміндегі рөлі арқылы танымал Голливуд актері Тамайо Перри Гавай аралдарында серфингпен жүргенде акула шабуылынан қаза тапқан еді.