Дзюдо: Тағы бір спортшымыз Азия біріншілігінде алғашқы жүлдесіне қол жеткізді

АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың Гонконг қаласында өтіп жатқан дзюдодан Азия чемпионатында тағы бір отандасымыз Жанарыс Рахметқали алғаш рет Азия чемпионатының жүлдесін мойнына тақты.

Дзюдо
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

66 келі салмақ дәрежесінде қола медаль үшін таласта екі қазақ спортшыларының жолы түйісті. Осылайша Рахметқали қола жүлде үшін белдесуде Ұлттық құраманың тағы бір дзюдошысы, тәжірибелі Ғұсман Қырғызбаевты қосымша уақытта ұтып, алғаш рет Сарықұрлық додасының қола жүлдегері атанды.

Бұл Жанарыстың ересектер арасындағы алғашқы халықаралық жарысы. Ал Ғұсман 2019 жылы Фуджейрада (60 кг), 2022 жылы Астанада (66 кг) өткен Азия чемпионатында қола жүлдегер атанған.

Сонымен қатар бүгін тағы бір қазақстандық дзюдошы Нұрқанат Серікбаев Азия чемпионатында үздік бестіктен көрінді. Ол қола жүлде үшін белдесуде қарсыласына жол берді. Нұрқанат ширек финалда өзбекстандық Достон Рузиевтен басым болғанымен, келесі кезеңде Токио Олимпиадасының күміс жүлдегер Ян Юнвэйге есе жіберген.

Айта кетейік, Азия чемпионатының жеңімпазы рейтингте 700, күміс жүлдегер 490 ұпай алса, қола медаль алған 2 дзюдошыға 350 балл қосылады.

Аталған Сарықұрлық додасында 34 елдің 262 таңдаулы татами шеберлері өзара кім мықтыны анықтап жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін әйелдер арасында 48 келі салмақта Ғалия Тынбаева Азия чемпионатындағы тұңғыш жүлдесіне қол жеткізгенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар