Дзюдодан Grand Slam турнирі: Қазақстан алғашқы жарыс күні жүлдесіз қалды

АСТАНА. KAZINFORM — Швейцарияның Лозанна қаласында дзюдодан өтіп жатқан Grand Slam әлемдік турнирі Қазақстан үшін сәтсіз басталды. 

Дзюдодан Grand Slam турнирі: Қазақстан алғашқы жарыс күні жүлдесіз қалды
Фото: kaz_judoteam

Алғашқы жарыс күні қазақстандықтардан 60 келіге дейінгі салмақта Шерзод Давлатов жүлдеге жақын болды.

Шерзод жарыс барысында алдымен америкалық Кристофер Велазконы иппонмен ұтты. Содан кейін франциялық Ромайн Пикарды қапы қалдырды. 

Ал 1/16 финалда швейцариялық Давид Гаухты таза жеңді.

Ш.Давлатов ширек финалда фавориттердің бірі, Токио Олимпиадасында қола, Парижде жекелей сында күміс, командалық жарыста алтын алған франциялық Лука Мхеидзеден айласын асырды.

Алайда жартылай финалда оңтүстіккореялық Харим Лиге есе жіберді. 

Қола жүлде үшін бәсекеде Шерзод Давлатовтың өзбекстандық Самариддин Кучкаровпен жекпе-жегі аса тартысты болды. Тек қосымша уақытта ғана өзбекстандық дзюдошы юко ұпайымен жеңісті жұлып алды.

Осылайша, Ш. Давлатов бесінші орынды қанағат тұтты.

Сондай-ақ 66 келіге дейінгі салмақта тағы бір қазақстандық Ақылжан Жұбатқанов жұбаныш белдесуінде оңтүстіккореялық Чханен Кимге жол берді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Шерзод Давлатовтың Олимпиада чемпионын жеңіп, Grand Slam турнирінің жартылай финалына шыққанын жазған едік