Дзюдошы Шерзод Давлатов әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды

АСТАНА. KAZINFORM — Әзербайжан астанасы Баку қаласында өтіп жатқан дзюдодан ересектер арасында әлем чемпионатында қазақстандық Шерзод Давлатов (60 келі) күміс жүлдегер атанды.

Шерзод Давлатов
Фото: ҚР ҰОК

Отандасымыз бас жүлдені әзербайжандық әзербайжандық Ахмад Юсиофпен сарапқа салды. Шерзод белдесу барысында белсенділік көрсетті. Дегенмен соңғы сәтте қарсыласына есе жіберіп, әлем чемпионатының күміс жүлдесіне ие болды.

Қазақстандық балуан қазірге дейін тәжікстандық Лойк Кудбудинов, бурундилік Рауль Брийан Нганджи, бразилиялық Микел Аугустоны жеңсе, жартылай финалда әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының жүлдегері жапониялық Руджу Нагаяманы сүріндірді.

Қазірге дейін ел құрамасынан Әбиба Әбужақынова мен Ғалия Тынбаева (48 келі), Аман Бақытжан (60 келі) жарыс жолын аяқтады.

Әлем чемпионатында 5-12 қазан аралығында ерлер құрамасы сапында Нұрқанат Серікбаев пен Асылжан Жұбатқанов (66 келі), Есет Қуанов пен Аңсарбек Ғайнуллин (73 келі), Жалғас Қайролла мен Абылайхан Жұбаназар (81 келі), Данил Крылов (90 келі) татамиге шығады.

Ал әйелдерде Эсмигүл Куюлова (63 келі), Аруна Жангелдина (78 келі), Ақерке Рамазанова мен Камила Берліқаш (78 келіден жоғары) ел намысын қорғайды.