18:39, 01 Қыркүйек 2009 | GMT +5
Дзюдошы М. Раков елімізде бірінші болып әлем чемпионы атанды
АСТАНА. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Отандық дзюдо тарихында бірінші рет жерлесіміз Максим Раков әлем чемпионы атанды. Голландияның Роттердам қаласында өткен дзюдодан әлем чемпионатында 100 киләға дейінгі салмақ дәрежесінде оған тең келер ешкім болмады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Туризм және спорт министрлігінің Штаттағы ұлттық командалар және спорттық резервтер дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Айта кетейік, бұған дейін Әлем чемпионатындағы ең үлкен жетістігіміз ретінде 2001 жылы Мюнхенде Асхат Жіткеев пен Асхат Шахаровтың үшінші орындары, сондай-ақ Асхат Жіткеевтің 2008 жылғы Бейжің олимпиадасында күміс жүлдесі саналып келді. Енді міне Максим Раков дзюдошыларымыздың ішінде бірінші болып әлем чемпионы атанып, отандық дзюдо спортының тарихына еніп отыр.