E-archive платформасы іске қосылады: еліміздегі архив құжаттардың 25%-ы электрондық форматқа көшірілді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазіргі таңда еліміздің архив қорларының 25%-ы электрондық нұсқаға көшірілді. Бірер жылда кез келген қазақстандық мұрағатта сақталған ақпараттарды үйінде отырып-ақ көре алады. Бұл туралы Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына сұхбат берген Архивтік технологиялар және цифрландыру бөлімінің маманы мәлімдеді. 

E-archive платформасы іске қосылады: еліміздегі архив құжаттардың 25%-ы электрондық форматқа көшірілді
Фото: Лаура Қадырова

— Қазіргі таңда біздегі архив қорларының шамамен 25%-ы электрондық форматқа көшірілді. Толық көшіру жұмыстары шамамен 2030–2032 жылдары аяқталуы мүмкін. Цифрландыру жұмыстары тарихи және азаматтық құжаттар арасында бірдей жүргізіліп жатыр. Дегенмен тарихи құжаттарға басымдық беріліп отыр. Себебі олар ұлттық мәдениет пен тарихты сақтау үшін маңызды рөл атқарады, — дейді Жазира Естекова.

Бірер жылда қазақстандықтар архив материалдарына e-archive платформасы арқылы онлайн қол жеткізе алады.

— Қарапайым халық архив материалдарға онлайн түрде «Электронды архив» платформасы арқылы қол жеткізе алады. Қазіргі таңда e-archive платформасының жұмысы жүзеге асырылып жатыр. Сол жұмыс толық аяқталған соң барлық ақпарат халыққа қолжетімді болады, — дейді Архивтік технологиялар және цифрландыру бөлімінің маманы.

Архивист құжаттарды электронды нұсқаға көшіргенде бірқатар қиындық туындағанын айтады. Мәселен, 1991 жылға дейінгі құжаттар сканерден дұрыс өтпейтін көрінеді. Алайда отандық мамандар құжаттарды цифрлық нұсқаға ауыстыру үшін өзге елдердің тәжірибелерін де қолданатындарын жеткізді.

— Бұл салада Халықаралық архивтер кеңесі мен ЮНЕСКО-мен ынтымақтастық бар. Қазақстанда халықаралық стандарттарды енгізу және архив ісінің сапасын арттыру мақсатында осы ұйымдармен бірлесе жұмыс істейміз. Оған қоса аймақтар мен орталықтардың цифрлық даму алшақтығын теңестіру үшін арнайы гранттар бөліп, техникалық қолдау көрсету жұмыстарын жоспарлап отырмыз. Және соған байланысты арнайы оқыту бағдарламалары ұйымдастырылады, — дейді архивист.

Айта кетейік, бірер күн бұрын inDrive халықаралық сервисінің негізін қалаушы Арсен Томский Қазақстанға цифрлық тәуелсіздік жайын ойлануға кеңес берген еді.

 

Соңғы жаңалықтар