E-Joldar: Қазақстан жолдары цифрлық бақылауға көшті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жол саласының негізгі деректерін бір цифрлық экожүйеге біріктіретін E-Joldar платформасы іске қосылады. Бұл жүйе автожолдар, құрылыс және жөндеу жұмыстары, пайдаланған материалдар, зертханалық сынақтар, жол бойындағы инфрақұрылым мен азаматтардың өтініштерін бір ортаға жинақтайды. 

E-Joldar: Қазақстан жолдары цифрлық бақылауға көшеді
Фото: Kazinform/ЖИ

Бірыңғай цифрлық платформа құру қажеттігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында атап өткен болатын. Президент бұл тетікті жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарына қоғамдық бақылауды күшейту құралдарының бірі ретінде айқындады.

— E-Joldar-дың басты ерекшелігі — жол туралы ақпаратты әртүрлі жүйелерден жинап қана қоймай, оны нақты нысанның айналасында біріктіру. Жолдың құрылысы, пайдаланылған материалы, зертханалық сынақтары, жөндеу жұмыстары мен пайдалану кезеңі туралы мәліметтер бір цифрлық тарихқа жинақталады. Бұл жол саласының барлық кезеңін деректер негізінде бақылауға және басқаруға мүмкіндік береді, — деді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК директоры Серік Имашев.

Бұл ретте E-Joldar қолданыстағы салалық ақпараттық жүйелердің орнын баспайды. Платформа жол саласына қатысты түрлі цифрлық ресурстардағы деректерді бір жерге жинап, оларды өзара салыстыруға мүмкіндік береді.

Мәселен, KazToll ақылы жол учаскелері туралы ақпаратты, JolBitum мен RCMBase — жол құрылысына пайдаланылған материалдар және олардың өндірілген жері туралы мәліметтерді нақты нысандармен байланыстырады. Ал KazRoadLab — зертханалық сынақтардың нәтижелерін жол туралы бірыңғай цифрлық деректерге енгізуге жағдай жасайды.

Жобаны e-Otinish жүйесімен біріктіру азаматтардың жолға қатысты өтініштерін нақты жол учаскелерімен байланыстырып, сол нысанда жүргізілген жөндеу жұмыстары мен жолдың техникалық жағдайы туралы ақпаратпен салыстыруға мүмкіндік береді. Sapar платформасындағы мәліметтер E-Joldar жүйесін жанармай құю станциялары, демалыс орындары, тамақтану орындары, автотұрақтар және жол бойындағы басқа да нысандар туралы ақпаратпен толықтырады.

Жүйенің тағы бір маңызды бағыты — жол жағдайын талдау. RoadIQ жолдың қазіргі жағдайы, бұрын жүргізілген жөндеу жұмыстары және көлік қозғалысының қарқыны туралы мәліметтерді талдап, қай учаскеге жөндеу қажет екенін алдын ала анықтайды және бірінші кезекте назар аударылуы қажет жолдарды көрсетеді.

— Бүгінде жол саласына қатысты мәліметтер әртүрлі ақпараттық жүйелерде сақталады. E-Joldar осы деректерді өзара байланыстырып, шешім қабылдау сапасын арттыруға бағытталған. Бұл — тек цифрландыру емес, жол инфрақұрылымын басқарудың жаңа тәсілі деуге болады. Болашақта нақты деректерге сүйеніп, қай учаскеге қашан және қандай жөндеу қажет екенін тиімдірек анықтауға болады, — деді Серік Имашев.

Айта кетейік, 2024 жылдан бастап елімізде республикалық жолдардың 8,5 мың шақырымы жөндеуден өткен.

Автожол жобаларының мерзімі мен сапасына бақылау күшейтіледі.