ЕАЭО елдерінің кедендік баж үлесін есептеудің жаңа әдістемесі енгізілуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Еуразиялық экономикалық комиссияның экономика және қаржы саясаты министрі Бақытжан Сағынтаев Еуразия экономикалық одағына мүше елдердің кедендік баж үлесін қайта қарау мәселесі неге кешеуілдеп жатқанын айтты.

— Ресей мен Украина арасындағы соғысқа байланысты бұл әңгіме 2022 жылы басталған. Өйткені тауарлар қазір экономикалық одақ елдеріне Қазақстан мен Қырғызстан арқылы кіріп жатыр. Сол кезде бұл мәселе көтерілген. Қазақстан тарапы да айтты. Еуразия экономикалық комиссиясында қаралды. Қазір тауар ағыны түгел өзгеріп жатыр. Сол себепті бұл Үкімет басшыларының кеңесінде, тіпті Мемлекет басшылары деңгейінде де ұсынылған болатын. Сол жерде тиісті әдістеме жасау керек деген тапсырма берілген. Сол арқылы шешеміз деген ұйғарым болған, — деді ол Астана халықаралық форумының кулуарында
Айтуынша, экономикалық одаққа мүше елдердің үлесін есептеудің жаңа нұсқасын енгізуге Ресей мен Беларустің асығатын түрі жоқ.
— Олар «Бұлай болмайды, бұл уақытша болып жатқан дүние, кейін бәрі орнына түскен кезде қайтадан қалпына қайтып келеміз, сонда біз әр кезде ауысып жатамыз ба» деген уәж айтып отыр. Содан біздің сарапшылар, үкіметтегілер арасында пікірталас болған кезде «онда әдістемесін жасайық, әртүрлі жағдай болғанда әдістемеге сүйенейік» деді. Әлі айтыс болып жатыр.
Біраз әріптестеріміз жылы жауып қойғысы келеді, бірақ ылғи көтеріп отырмыз. Қазір экономика, қаржы блогын біз басқарып отырмыз. Әрдайым Қазақстан үкіметімен тиісті жұмысты істеп жатырмыз, — деді Бақытжан Сағынтаев.
Айта кетейік, елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Астана халықаралық форумы өтіп жатыр.