ЕАЭО-ның әлеуетін нығайтудың стратегиялық маңызды міндеті тұр – Қазақстан Президенті
АСТАНА. KAZINFORM – Еуразиялық экономикалық одақ - жаһандық экономиканың маңызды субъектісі. Бұл туралы елордада V Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.
Қазақстан Президенті осы аса маңызды шараға қатысқаны үшін мемлекет басшыларына, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өкілдеріне, байқаушы елдердің басшылығына және барлық қонақтарға шынайы алғысын білдірді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық форум еуразиялық интеграцияны дамытудағы басым мәселелер бойынша кәсіби және жемісті диалогтың тиімді платформасы ретінде кеңінен танылғанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың атап өтуінше, Еуразиялық экономикалық одақ өңірлік интеграциялық бірлестік қана емес, сонымен қатар жаһандық экономиканың маңызды субъектісі. Геосаяси турбуленттілік жағдайында ЕАЭО елдері келісілген күш-жігердің арқасында өз экономикаларының тұрақты дамуын және әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ете алды.
- Қазір алдымызда Еуразиялық экономикалық одақтың одан әрі қарқынды дамуы мен әлеуетін нығайтудың стратегиялық маңызды міндеті тұр, - деді Президент.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен V Еуразиялық экономикалық форумның (ЕЭФ-2026) пленарлық отырысы басталды.