ЕАЭО Туниспен еркін сауда туралы келіссөздерді бастайды

АСТАНА. KAZINFORM – Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев Туниспен еркін сауда туралы келіссөздер басталатынын мәлімдеді.

ЕАЭО
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

ЕЭК басшысы бүгін екі маңызды халықаралық құжатқа қол қойылғанын атап өтті.

– Біріншісі – біз Туниспен еркін сауда туралы келіссөздерді бастаймыз. ЕАЭО преференциялық келісімдер желісін кезең-кезеңімен кеңейтіп келеді. Тунис еуразиялық «бестік» елдері үшін Африканың қарқынды дамып келе жатқан нарығына шығатын стратегиялық бағыт саналады, – деді Б. Сағынтаев елордада БАҚ өкілдеріне арналған брифингте.

Спикердің айтуынша, екінші құжат 2019 жылы Сербиямен қол жеткізілген жекелеген уағдаластықтарды жаңарту туралы шешім жөнінде. Әңгіме қолданыстағы еркін сауда туралы келісім аясындағы тауарға ілеспе құжаттарға қойылатын талаптарды жеңілдету туралы болып отыр. 

– Бұл шара ЕАЭО мен Сербия арасында тасымалданатын тауарларды кедендік рәсімдеуді едәуір жеңілдетуге мүмкіндік береді. Осылайша, одаққа мүше мемлекеттердің үшінші елдермен ынтымақтастық мүмкіндіктері кеңейіп жатыр. Бұл жұмыс жүйелі әрі тұрақты негізде жүргізілуде, – деді Бақытжан Сағынтаев. 

Айта кетейік, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің келесі отырысы 2026 жылдың желтоқсан айында Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өтеді. 

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО сыртқы экономикалық байланыстарын Араб әлемі елдерімен, Оңтүстік-Шығыс Азиямен, Африкамен және Латын Америкасымен кеңейту қажеттігін айтты.