ЕАЭО жүк тасымалын бақылау үшін навигациялық пломбалар қолдануды бастайды

МӘСКЕУ. KAZINFORM - ЕАЭО-да логистикалық маршруттарды бақылау мақсатында навигациялық пломбаларды қолдану басталады, деп хабарлайды агенттік тілшісі комиссияға сілтеме жасай отырып.

жүк тасымалы
Фото: Gov.kz

Комиссияның мәлімдеуінше, шешім 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап күшіне енеді. 

— Келісімде тауар санаттары мен пайдаланылатын көлік түрлерін ескере отырып, бақылау тетігін кезең-кезеңімен енгізу көзделген. Іске асыру үш кезеңге бөлінген, олардың жалпы ұзақтығы 1,5 жылды құрайды, — деді ЕЭК-тің Кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі Руслан Давыдов.

Бірінші кезеңде, 2026 жылғы 11 ақпаннан бастап, навигациялық пломбалар мынадай жағдайларда қолданылады:

• санкциялық және жекелеген акциздік тауарларға, оның ішінде алкоголь мен темекіге, оларды автомобиль немесе (және) теміржол көлігімен кедендік транзит, экспорт рәсімдері аясында, сондай-ақ мүше мемлекеттер арасындағы өзара саудада тасымалдаған кезде;

• киім-кешек, аяқ киім, техника сияқты жекелеген тауар санаттарына, оларды автомобиль көлігімен кедендік транзит рәсімі аясында тасымалдаған кезде;

• никотинқұрамды өнімдер мен никотиндік шикізатқа (Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасының 2404, 2939 79 000 0 және 2939 80 000 0 позицияларына сәйкес), оларды автомобиль көлігімен ЕАЭО кедендік аумағынан экспорт рәсімі арқылы әкеткен кезде.

Еске сала кетейік, Еуразиялық экономикалық одақта жүк тасымалын бақылау үшін навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісім 2022 жылғы 19 сәуірде қол қойылып, 2023 жылғы 3 сәуірде күшіне енген.

Бұған дейін қазақстандық брокерлер енді ЕАЭО биржасына қатыса алатыны жазылған болатын.

Соңғы жаңалықтар