Эдди Хирн: Қомақты ақша ұсынылса, Карл Фроч Геннадий Головкинмен шығуға дайын

Бұл туралы GGG командасының ВКонтакте-дегі ресми парақшасында хабарланды.
Хирн нақты соманы айтқан жоқ, дегенмен Фроч Гроувзбен болған өзінің соңғы жекпе-жегінде 13 миллион доллар алған болатын.
«Біз Том Леффлермен осы кездесу жайында көп сөйлестік. Егер PPV көрсетілім қатарынан екі жерде - Англияда және АҚШ-та өткізілген болса, мүмкін осы жекпе-жекті ұйымдастыруға қаражат жетіп те қалар еді, - дейді Хирн Behind The Gloves-ке берген сұхбатында. - Кейде адамдар түсініңкіремейтін секілді. «Сіздер бұл кездесуді жанкүйерлер үшін жасауларыңыз керек», деп айтып жатады. Кешіріңіздер, бірақ олай болмайды. Бұл - өте қауіпті спорт. Көп жылдар бойы еңбек етіп, тірнектеп атақ-абыройын жинап келген боксшылардың ешқайсысы жай ғана қауіпті жекпе-жекке шыға салмайды. Егер қаражат қомақты болса, жекпе-жек орын алады. Карл жұдырықтасуға дайын, бірақ ол үлкен гонорарды қалайды».