Егемен, Қазақстан: ерекше есім иесі болу ауыртпалық па, абырой ма

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан тәуелсіздік алған кезең елдің саяси ғана емес, рухани өмірін де өзгертті. Сол жылдары дүниеге келген сәбилерге ата-аналары ел тағдырымен сабақтас, мәні терең есімдер берді. Бүгінде сол ұрпақ — егемен елдің тірегі.

Қазақстан
Фото: Видеодан скрин

Елімізде Қазақстан есімді 28 азамат бар

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, бүгінде елімізде Қазақстан есімі 28 азаматқа тиесілі. Олардың ең үлкені 92 жаста, ең кішісі — 25-те.

Атап айтқанда:

  • Қарағанды облысында — 7;
  • Ақмола облысында — 6;
  • Қостанай облысында — 3;
  • Астанада — 3;
  • Алматы мен Маңғыстау облыстарында және Шымкент қаласында — 2;
  • Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында — 1 адам бар.
Жұлдыз Тұрсынова
Фото: Видеодан скрин

— Бұл есім Қарағанды, Ақмола және Қостанай облыстарында жиі кездеседі. 28 адамның арасында бір ғана әйел бар. Сондай-ақ елімізде Тәуелсіздік және Егемен есімді азаматтар да тіркелген, — дейді Ұлттық статистика бюросының сарапшысы Жұлдыз Тұрсынова.

 

Жақындары «Қазақ» деп атайды

Ерекше есім иелерінің бірі — қарағандылық Қазақстан Жарқын. Ол Қарағанды және Ұлытау облыстарының Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің № 29 мекемесінде жедел уәкіл қызметін атқарады.

Жарқын
Фото: Видеодан скрин

Атасы оны егемендіктің қуанышына балап Қазақстан атаған.

— Есімімнің салмағын сезінемін. Алғаш танысқан адамдар таңғалып, қайталап сұрайды. Қызметім де, есімім де елмен, патриотизммен байланысты. Бұл — мен үшін үлкен жауапкершілік, — дейді ол.

әріптесі
Фото: Видеодан скрин

Әріптестері кейіпкерімізді «Қазақ» деп атайды. Бұл оның елжанды болмысына берілген баға іспетті.

— Жұмыста, отбасында оны «Қазақ» деп атайды. Мінезі сабырлы, еңбекте тиянақты. Қоғамдық шараларға белсенді қатысады, спортқа жақын. Нағыз отаншыл азамат, — дейді мекеме бастығының орынбасары Жансейіт Әбілқасымов.

Қазақстан — отбасында қамқор әке, жұмысында жауапты маман. Оның өмірлік ұстанымы да қарапайым. Ол — адал еңбек пен темірдей тәртіп.

«Есімімді ешқашан ауыстырмаймын»

Ал Павлодар облысында тұратын Егемен Бақыт — Моңғолиядан қоныс аударған қандас. Қазір жеке кәсіппен айналысып, «Сарыарқа мұрагер» қайырымдылық қорының жұмысына атсалысып жүр.

Жарқын
Фото: Видеодан скрин

— Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында тудым. Әкемнің ағасы радиодан Қазақстанның тәуелсіздік алғанын естіп, қуаныш үстінде есімімді Егемен қойған. Сол сәт біздің әулет үшін ерекше есте қалды. 1997 жылы толықтай Павлодарға көшіп келдік, — дейді ол.

Егемен есімі бауырлас түркі халықтарында да кең тараған. Сондықтан оның аты шетелде жүргенде жиі назар аудартады.

— Стамбұлда оқып жүргенде метро ішінде «Егемен!» деп шақырған дауысты естіп, жалт қарадым. Сөйтсем, түрік азаматы өз баласын шақырып жатыр екен. Осындай қызықты сәттер жиі кездеседі, — дейді ол.

Жарқын
Фото: Видеодан скрин

Егемен өз есімін ерекше құрметтейді және оны ешқашан өзгертуді ойламаған.

— Бұл — менің елге деген құрметімнің көрінісі. Есімімде менің тағдырым да, тәуелсіздігіміздің рухы да бар, — дейді ол.

Осылайша, ерекше есім иелері бүгінде ел дамуына өз үлесін қосып жүр. Олардың есімі де, өмір жолы да тәуелсіз еліміздің тарихымен сабақтасады.

Соңғы жаңалықтар