Егемендік декларациясында ұлттық мүддені түгел қамту оңай болған жоқ - Бірғаным Әйтімова

«1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-і декларация қабылдап, өз егемендігін жариялады. Алайда бұл қадам одақтың басқа республикаларына қарағанда әлдеқайда кешірек жасалды. Еліміздің егемендікті кеш қабылдауына рубльге тәуелділік, халықаралық қатынастар бойынша тәжірибенің болмауы және экономикалық күйреудің алдын алу үшін тәуелсіздікке біртіндеп көшу қажеттілігі себеп болды». Жоғарғы Кеңестің XII шақырылымының депутаты, мемлекеттік егемендік туралы декларацияны қабылдаудың бастауында болған бұрынғы Білім және ғылым министрі Бірғаным Әйтімова осылай деп есептейді, деп хабарлайды Kazinform.

бірғаным әйтімова
Фото: egemen.kz

Декларация қалай қабылданды

Декларация қабылданған сәтте Жоғарғы Кеңеске 360 халық депутаты кірген. Бұл – еліміздің барлық аумағының өкілдері, яғни ірі зауыттардың, кәсіпорындардың директорлары, танымал адамдар, саясат және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ жастар.

Бірғаным Әйтімованың айтуынша, декларацияны қабылдау процесі күрделі және жауапты болды, өйткені ел әлі де Кеңес Одағының құрамында еді.

«Әрине, декларацияға енгізілген барлық норма сол кезеңнің ықпалы мен көрінісіне ие болды. Сондықтан нақты тармақтардың объективі арқылы еліміздің ұлттық мүддесін түгелдей қамту оңай болған жоқ. Сонымен бірге, жалпы атмосфераны ескеру қажет еді. Себебі, біз әлі толық мағынада тәуелсіз болған жоқпыз», - дейді ол.

Сондай-ақ Жоғарғы Кеңес депутаты декларация тәуелсіз ел тарихындағы алғашқы құжат болғанын атап өтті.

«Бұл құжатпен бәрі таза парақтан басталды. Бұған дейін ешкім құжатты ұлттық мүдде, өз республикасы ұғымдары бойынша қабылдаған жоқ. Бұл өте жауапты, бірақ сонымен бірге қызықты болды. Әрине, әркім егемендіктің мағынасына не кіруі керек екендігі туралы өз идеясын қосуға тырысты. Қызу пікірталас, әртүрлі ой. Барлығы бірдей қолдап, жақтаған жоқ, өйткені жұмыс тобына әр түрлі бағыттағы өкілдер кірді. Пленарлық отырыста менің кейбір әріптестерім «Тәуелсіздік» ұғымын толық енгізіп, одақтың барлық байламдарынан бас тартуды ұсынды. Бұл – батыл ұсыныс болды», - деп еске алады экс-депутат.

Бірғаным Әйтімова декларацияға кейіннен тәуелсіздік туралы заңның қабылдануына негіз болған нормалар енгізілгенін атап өтті. Айтуынша, декларацияны қабылдаудың маңызды рөлі де осы еді.

Қазақстан неліктен декларацияны өзгелерден кеш қабылдады?

Депутат КСРО ыдыраған кезеңде Қазақстанның барлық өнеркәсібі мен өндірісі, сондай-ақ минералды ресурстардың игерілуі басқа одақтас елдермен тікелей байланысты болғанын айтады.

«Қазақстан сол кезеңде рубль аймағында болғаны белгілі. Еліміз барлық жағынан одақ заңдарына тәуелді еді. Ол кезде ұлттық валюта болған жоқ. Халықаралық сауда тәжірибесі жоқ, халықаралық деңгейде қажетті қызметкерлер, ресми немесе бейресми байланыстар болған жоқ. Біздің барлық экономикалық ортамыз, минералды ресурстарымызды пайдалану, мұның бәрі басқа мемлекеттер арқылы өтті. Сондықтан біз байланыс жібін бірден үзе алмадық. Саяси емес, ең алдымен экономикалық тұрғыдан барлық бұрынғы байланыстарды бұзуға асықпау керек болды», - деп есептейді Бірғаным Әйтімова.

Сонымен қатар, ол уақытта еліміздің сыртқы саясат бойынша да тәжірибесі жоқ еді.

«Өз бетімізше халықаралық қатынастарды құра алмадық. Жеті рет өлшеп, бір рет кесуіміз керек болды. Сондықтан да басқа елдермен арадағы көп жылғы қарым-қатынас пен осы мәселедегі тәжірибе маңызды рөл атқарды. Бірақ біз асықпай отырып, арбамен қоян алдық деп айтуға болады. Алғашқы жылдары қаншалықты қиын болса да өндірістің, экономиканың құлдырауын, азық-түлік пен қаржылық ресурстардың тапшылығын тоқтата алдық. Бәрі де біртіндеп жасалды», - дейді Бірғаным Әйтімова.