«Егеуқұйрық пен түлкі етінің қазанымызда қайнап жатпасына кім кепіл?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 18 мамыр. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 18 мамыр, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Егеуқұйрық пен түлкі етінің қазанымызда қайнап жатпасына кім кепіл?» - баспасөзге шолу

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, қазір Оңтүстікте екі күннің бірінде елді елең еткізерлік жайттар орын алуда. Мәселен, осыдан бір айдай уақыт бұрын облыстық прокуратура өңірдегі «Ақбұлақ» бағдарламасының орындалуына байланысты тиісті басшыларға ауыр айыптаулар таққан. Бірақ артынша облыстық энергетика және тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы арнайы баспасөз мәслихатын ұйымдастырып, миллиардтарды түгендеп, қалай жұмсалғанын түсіндіріп, кінәліні басқа жақтан іздеді. «Осымен Оңтүстік халқы біршама уақыт тыншыған сияқты еді. Осы аптаның дүйсенбісінде дүрбелең қайтадан басталды. Бұл жолы қарымсаққа қолды қаржы полициясы салды. Оңтүстік Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Әбілсейіт Рабаев қамауға алынды. Тағылған кінә өте ауыр. Бұл іс бойынша кем дегенде тағы үш шенеунік күдікті ретінде танылып отыр екен. Бұлар жөндеуді қажет етпейтінін біле тұра Көксәйек-Ақсу-Шаян-Мыңбұлақ тас жолын қалпына келтіру жұмыстарына бюджеттен 131 миллион теңге бөлген. Бұл іспен қазір республикадан келген қаржы полициясының қызметкерлері айналысуда», - деп жазады басылым. Сонымен қатар мақалада күні кеше Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Болатбек Нәжмединұлы Әлиев қызметінен босатылғандығы баяндалған. Жарияланым тақырыбы - «Екі басшының арасында не байланыс бар?».

Осы басылымның бүгінгі санындағы «Әр сұқсырдың өз көлі бар» деген тақырыптағы мақалада қашқын М.Әбіләзов пен Виктор Храпунов жайында кеңінен мағлұматтар берілген. «Күні кеше ғана Қазақстан Қаржы полициясының бастығы Рашид Түсіпбеков ерлі-зайыпты Виктор және Ләйла Храпуновтардың үстерінен көтеріліп жатқан қылмыстық істердің мөлшері 24-ке жеткенін мәлім етті. Енді олардың бұл ұйықтан малтып шыға қоюлары екіталай. Өйткені, қылмыстары біздің елімізде де, өздері қазір тұрып жатқан Швейцарияда да әбден дәлелденген. Олар енді дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома сияқты. Қанша жерден екі сөйлейтін екі жүзді болса да, Виктор Храпуновтың бұл тығырықтан шығып кете алатынына біз сенбейміз», - деп жазады мақала авторы.

***

«Айқын» газетінде саясаттанушы Әзімбай Ғалимен арадағы сұхбат «Алда миграциялық қақтығыстар кезеңі тұр...» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Егер назар аударсаңыз, орыстілді баспасөзде ең үлкен, ең ұлы тақырып - Қытай жақтан төнетін қауіп. Айландырып соны жазады. Қазақстан мұнайының төрттен бірін алып қойды деп те үркітеді. Ал Ресей жайлы жұмған аузын ашпайды. Неге олар Ресей Қазақстанның уранын, ядролық отынының көп бөлігін иемденіп қойды деп мәселе көтермейді. Неге? Шын­дап келгенде біздің ел үшін үлкен қауіп белдеуі белгісіз? Әлі де оны сараптау, безбен­нен өткізу қажет»,- дейді.

Қазақстандағы ауқатты адамдардың табысына қосымша салық салу туралы депутаттардың пікірлері әзірге қарама-қайшы. Халық қалаулыларының бір тобы осы арқылы мемлекет қазынасын толтыруға болатындығын айтса, енді біреулері дәл қазіргі таңда осындай шаралармен байларды үркітудің қажеті жоқ деп есептейді», - деп жазады «Айқын» газеті «Қалталыларға қосымша салық енгізу қажет пе?» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Мәжіліс де­путаты Жамбыл Ах­метбеков жылына 200 мың доллардан кем емес табыс табатындарға қосымша салық салу туралы бастама көтеріпті. Оның айтуынша, байлар жал­пы кірісінің үштен бір бө­лі­гін ортақ қазынаға құйғаны дұ­рыс. «Егер супербай болса, орта­ша күн көріс­те­гі қазақстандық төлейтін салық оған түк емес. Сондықтан байларға бө­лек салық енгізген жөн. Сол ар­қы­лы байлар Қазақстанның да­муына өз үлесін қоса ала­ды», - деп мәлімдеді депутат.

***

«Төрт түлігін тірлігіне тұрлау еткен қазақ ет алмақ түгіл, мал етін айырудан қалды бұл күні. Қытай көршіміздің «ірі қаранікі деп берген еті доңыздікі екен» деген сөз таралғалы талай қазақтың ауызына ұшық шықты», - деп жазады «Алаш айнасы» сенбілік санды жарық көрген «Егеуқұйрық пен түлкі етінің қазанымызда қайнап жатпасына кім кепіл?» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, Ресей тұтыну одағы Қытайдан келген етті алмау туралы жұртшылығына «жарапазан» айтуда. Қой мен сиыр еті дегені - егеуқұйрық пен түлкінің еті екені әйгіленіп, қытайлықтардың беті ашылғалы бері Ресей көршімізден маза кетіп отыр. Қытайға шығуға бел буған отандастарын сақтандырып әлек.